Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24-қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында соңғы жылдардағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, қысқа мерзім ішінде елдің мемлекеттік және қоғамдық институттарын жаңартуға бағытталған ауқымды өзгерістер жүзеге асқан.
Экономикалық көрсеткіштер де белгілі бір өсімді көрсетіп отыр. Соңғы жеті жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 29 пайызға өскен. Ел экономикасының жалпы көлемі 300 миллиард доллардан асты. Ұлттық қор активтері мен алтын-валюта резервтерін қоса есептегендегі қаржылық қор 138 миллиард доллардан жоғары деңгейге жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты.
Бұл туралы отандық сарапшылар да оң пікірде. Мысалы, саясаттанушы Эдуард Полетаев ел экономикасының қазіргі жағдайын бағалай келе, елдің Орталық Азиядағы өндіріс көлемі мен экономикалық белсенділік бойынша алдыңғы орында тұрғанын атап өткен екен. Оның пікірінше, инфляция сияқты проблемалар болғанымен, Қазақстан оң сауда балансын сақтап отыр және экономикадағы өсім бірнеше секторда қатар байқалады.
Бұл ретте Қазақстанның артықшылығы тек шикізат секторымен шектелмейді. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар мен ақпараттық технологиялар бағыттарында жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2025 жылы елде шамамен 170 мың автомобиль өндіріліп, бұл салада жаңа рекорд тіркелді.
Халықаралық салыстыру да Қазақстанның экономикалық ауқымын көрсетеді. Халықаралық валюта қорының 2026 жылға арналған бағалауы бойынша Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі шамамен 360 миллиард доллар болады. Бұл көрсеткіш Орталық Азиядағы екінші ірі экономика саналатын Өзбекстанның болжамды 181,5 миллиард долларлық көрсеткішінен екі есеге жуық жоғары.
- Қазақстан Орталық Азияда өндіріс көлемі мен экономикалық белсенділік бойынша көшбасшы болып табылады. Ел оң сауда балансын сақтап отыр, ал 2025 жылы экономиканың бірнеше секторы айтарлықтай өсім көрсетті және бұл үрдіс жалғасып келеді, – дейді Эдуард Полетаев.
Еліміздің тағы бір ерекшелігі, экономиканың салыстырмалы түрде әртараптандырылған құрылымында болып отыр. Қазір біз өңірдегі ең ірі банк жүйесіне иеміз. Сонымен бірге сыртқы сауда көлемі де көршілерінен едәуір жоғары. 2025 жылы Қазақстанның тауар айналымы шамамен 143,9 миллиард долларды құрады.
Инвестиция мәселесінде де Қазақстан аймақтағы негізгі капитал тарту орталығы болып отыр. UNCTAD мәліметтері бойынша, 2024 жылы Орталық Азияға жинақталған тікелей шетелдік инвестицияның шамамен 68,6 пайызы Қазақстанға тиесілі болған.
Айтпақшы, Полетаев бұған дейін Қазақстанның географиялық орналасуы оның транзиттік әлеуетін күшейтетінін атап көрсеткен болатын. Оның пікірінше, Қытай, Ресей және Еуропа арасындағы орналасуы Қазақстанға транзиттік және логистикалық орталық ретіндегі мүмкіндігін арттыруға жағдай жасайды.
Сонымен қатар Қазақстанның адами капитал, цифрландыру және жасанды интеллект бағыттарындағы көрсеткіштері де аймақтық бәсекеде маңызды факторға айналып келеді. Бұл салалардағы нәтижелер елдің экономикалық моделін тек шикізат экспортына тәуелді етпеу міндетінің өзектілігін көрсетеді.
- Экономика адам капиталын қалыптастырумен байланысты болуы керек. Байлықтың құрамына табиғи ресурстармен қатар білім мен қолданбалы технологиялар кіретін қазіргі жағдайда инновация мен жоғары білікті мамандарды тартуға жағдай жасау қажет, – деп атап өтеді саясаттанушы Эдуард Полетаев.
Жалпы, жоғары экономикалық көрсеткіштер автоматты түрде барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Инфляция, халықтың нақты табысы, экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігі және өңірлер арасындағы айырмашылық сияқты мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр.
Сондықтан Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық салмағын бағалағанда тек ЖІӨ көлеміне емес, оның сапасына да назар аудару қажет. Қазіргі цифрлар Қазақстанның өңірдегі ең ірі экономика ретіндегі орнын көрсетеді. Ал алдағы кезеңдегі басты міндет осы ауқымды экономикалық әлеуетті халықтың тұрмыс сапасы мен ұзақ мерзімді тұрақты өсімге айналдыру болып қала береді.