Батыс Қазақстан облысында халықаралық іздеуде жүрген ер адам қолға түсті, деп хабарлайды kznews.kz.
Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті Орал қаласында ұсталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол алдау және сенімге қиянат жасау арқылы қайырымдылыққа жиналған 88 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденді деген күдікке ілінген.
Полицейлер келген сәтте күдікті ұстатпау үшін шкафтың ішіне жасырынуға әрекеттенген. Алайда тәртіп сақшылары оның жасырынған жерін анықтап, ұстап алды.
Белгілі болғандай, ер адам 2025 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі («аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық») бойынша халықаралық іздеуде болған.
Қазіргі уақытта күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.