Орал қаласында үйлену тойында орындалған дәстүрлі «тентек кәде» күтпеген жанжалға ұласып, қонақтардың бірі ауруханаға түсті. Той үстіндегі әзіл-қалжыңды ауыр қабылдаған ер адам екінші қонаққа қол жұмсаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Той барысында Батыс Қазақстан өңірінде кең тараған «тентек кәде» дәстүрі орындалған. Әдетте бұл рәсімде қыз бен жігіттің жақындары бір-біріне әзіл айтып, түрлі қызықты тапсырмалар ұсынып, кәде немесе символикалық сыйлық талап етеді. Мұндай дәстүрдің негізгі мақсаты – екі жақты жақындастырып, тойдың көңілді өтуіне жағдай жасау.
Алайда бұл жолы әзілдің соңы жақсы аяқталмаған. Күйеу жігіттің жақтарынан келген қонақтардың бірі өзіне бағытталған қалжыңды намысына тиетін сөз ретінде қабылдаған. Әзіл жалғасып жатқан кезде ол екінші қонаққа күтпеген жерден соққы жасаған.
Салдарынан зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның бірнеше тісі түсіп, қабырғалары сынған. Ол ауруханаға жеткізілген.
Қазір оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр. Зардап шеккен адамның денсаулығына қаншалықты зиян келгені де тиісті сараптамалардан кейін белгілі болмақ.
Айта кетейік, «тентек кәде» – әсіресе Батыс Қазақстанда кездесетін көңілді дәстүрлердің бірі. Оның барысында қалыңдықтың туыстары күйеу жігіт пен оның жақындарына түрлі әзіл айтып, жолын бөгеп, орын бермей немесе арнайы тапсырмалар орындатып, кәде сұрауы мүмкін.