Әлеуметтік желіде өзін Оқу-ағарту министрлігінің қазіргі және бұрынғы қызметкерлері ретінде таныстырған азаматтардың Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ұжымдық үндеуі жарияланды. Үндеу авторлары министр Жұлдыз Сүлейменованы қызметінен босатуды сұрап, ведомствода психологиялық қысым күшейіп, кадрлық ахуал күрт нашарлағанын мәлімдеген, деп Ulysmedia-ға сілтей отырып kznews.kz. порталы хабарлайды.
Хат авторларының айтуынша, Жұлдыз Сүлейменова министр қызметіне кіріскеннен кейін ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал өзгеріп, қызметкерлер арасында белгісіздік пен қорқыныш қалыптасқан. Олар жұмыс кеңестерінде басшылық тарапынан эмоциялық қысым көрсетіліп, кейбір басшылардың көпшілік алдында дөрекі түрде сыналатынын алға тартады. Мұндай жағдай ұжымдағы сенімге кері әсер етіп, қызметкерлердің кәсіби абыройына нұқсан келтіреді деп есептейді.
Үндеуде министрліктегі кадрлық саясатқа да сын айтылған. Авторлардың мәліметінше, соңғы айларда бірқатар департамент, комитет және ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары қызметінен кеткен. Бұл кәсіби кадрлық әлеуеттің әлсіреуіне, сабақтастықтың бұзылуына және қалған қызметкерлерге түсетін жүктеменің артуына себеп болғаны айтылған.
Сонымен қатар үндеуде кейбір лауазымдарға белгілі бір кандидаттарды тағайындау үшін конкурстық талаптар өзгертілді деген күмән келтіріліп, министрлікке жаңадан келген қызметкерлердің аз уақыт ішінде мемлекеттік наградалар алғаны да сынға алынған.
Ұжымдық үндеу авторлары Президенттен аталған жайттарға тәуелсіз тексеру жүргізуді, куәлік беруге дайын қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қызметіне қатысты шешім қабылдау мәселесін қарастыруды сұраған.
Өз кезегінде Ulysmedia.kz редакциясы жағдайға қатысты ресми түсініктеме алу үшін Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдайтынын хабарлады.
Еске салайық, Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі қызметіне 2025 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын. Бұған дейін Мәжіліс депутаты болып жұмыс істеп, Ұлттық құрылтайдың мүшесі болған.