Отырысқа Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаев қатысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Жиын барысында Халық Кеңесінің мүшелері өңірлік даму және кәсіпкерлікті қолдау, экология және әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі салалық комиссияларға бөлінді. Комиссиялардың ережелері бекітіліп, алдағы жұмыстың негізгі бағыттары белгіленді.
Комитет төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің айтуынша, басты міндеттердің бірі – қоғамдық кеңестермен жұмысты үйлестіру және өңірлердегі азаматтарды толғандыратын мәселелерді республикалық деңгейге шығару.
Оның сөзінше, қоғамдық сұраныстар сараптамалық тұрғыда зерделеніп, соның негізінде нақты ұсыныстар әзірленеді. Кейін олар Қазақстан Халық Кеңесінің қарауына енгізіледі.
Отырыста «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселесі де көтерілді. Ерлан Нысанбаев экологиялық мәдениет тек табиғатты қорғаумен шектелмеуі керектігін атап өтті.
Оның пікірінше, қоршаған ортаға жауапкершілік азаматтардың күнделікті өмір салтына айналуы қажет.
Ал «ECO Network» жобасының негізін қалаушы, EN Social қоғамдық қорының директоры Евгений Мухамеджанов экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған бірқатар ұсынысын таныстырды. Сондай-ақ ол мектептерге арналған арнайы мобильді қосымшаны қоса алғанда, цифрлық экологиялық жобалар мен модельдерді ұсынды.
Экономикалық мәселелерге тоқталған Нұртай Сабильянов өңірлердің әлеуетін арттыру үшін шағын және орта бизнесті қолдау шараларын жүйелі түрде күшейту қажет екенін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша экологиялық жобалар, ауылдық аумақтарды дамыту және кәсіпкерлікті қолдауға қатысты ұсыныстар арнайы жоспарға енгізілмек. Оларды жүзеге асыру салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіледі.