Қазақ мәдениетінің аса ірі тұлғасы, “Парасат” және “Отан” ордендерінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Аравин өмірден озды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Министр өнер майталманының отбасына, туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне көңіл айтып, қайғысына ортақтасты.
"Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі. Ол қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді", – делінген жазбада.
Аида Балаеваның айтуынша, Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламалардың авторы болған. Ол қазақ фольклорының бай қырларын терең түсініп, дәстүрлі музыканың сұлулығын тыңдарманға жаңа қырынан танытты.
"Юрий Петрович өз өмірін өнерге, ұлт мәдениетіне арнап, тұтас бір шығармашылық буынды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Қайраткердің жарқын бейнесі, руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", – деп жазды министр.
Айта кетсек, Юрий Аравин 1941 жылы 2 сәуірде дүниеге келген. Оның әкесі Петр Аравин де танымал музыкатанушы болған.