Астана қалалық мәслихатында өнер адамдарына есірткіге міндетті тест енгізу мәселесі көтерілді. Бұл ұсынысты журналист әрі депутат Ләйлә Сұлтанқызы айтып, қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан бастамаға қайта назар аудартты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның пікірінше, жастарға үлгі болатын танымал тұлғалар қоғам талаптарына сай болуы тиіс. Шетелдік тәжірибеге сүйенген депутат кейбір зайырлы елдерде танымал адамдарды арнайы рұқсатсыз тексеру тәжірибесі бар екенін атап өтті. Мұндай шаралар қоғаммен, ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізуге, сондай-ақ жұлдыздардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Егер тексеру барысында заңбұзушылық анықталса, олар тәртіптік жазаға тартылып, бұл өзгелерге де сабақ болады деген ой айтты.
Сұлтанқызының сөзінше, мұндай тәжірибе Түркия секілді елдерде кеңінен қолданылады. Ол жақта қоғам алдында жүрген өнер иелері міндетті медициналық тексерістен өтеді, ал есірткі қолданғаны анықталғандардың тізімі жария етіледі.
Депутаттың айтуынша, еліміздегі даулы әрекеттерімен жиі сынға ұшырап жүрген сахна өкілдеріне де осындай талап енгізу қажет. Айта кетейік, кейбір әншілер бұл ұсынысты қолдап отыр.