Ұтыс ойнатамыз деп ақыры сотталып тынған ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың ісі қоғамды үлкен резонанс тудырды. Бұл іс әлеуметтік желіні табыс көзіне айналғандарға жасалған ескерту болды. Дегенмен, бұл оқиғаны елемей, желіде жұртты жаңылыстырып, уыс-уыс ақша шашып, ұтыс ойнататындар әлі де бар. Бірақ, өздері күні ертең тап солай сотталатынын ойлап жатқан жоқ. Белгілі заңгер Ержан Есімханов осындай блогерлерге ұтыс ойнатып, заңға іліккенше миллиондаған аудиториясын табыс табу үшін қалай дұрыс қолдану керектігін айтып, кеңес берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Блогерлер не үшін сотталды
Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенова 2025 жылдың 18-21 тамызы аралығында әлеуметтік желіде 10 оқырманға автокөлік ойнататынын хабарлаған. Сонымен қатар, осы жарияланымды парақшасында бөліскен адамға қосымша бір көлік берілетіні айтылған. Алайда кейін белгілі болғандай, ұтысқа қатысу шарты ретінде құны 30 мың теңге тұратын курсты сатып алу талап етілген. Бұл жағдай Қаржы мониторингі агенттігінің назарына ілігіп, іс бастапқыда әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралған.
Блогерлер айыптаулармен келіспегендіктен, іс сотқа жетіп, кейін ол қылмыстық сипатқа ауыстырылды. Оларға Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру) бойынша айып тағылды. Тергеу деректеріне сәйкес, курс сату арқылы 247 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.
Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев сотта айыпталушыларды кінәлі деп танып, 4 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын сұрады. Алайда Төлегенова процессуалдық келісімге келуге өтініш білдіріп, прокурор бұл ұсынысты қабылдады. Айыпталушылар келтірілген 247 миллион теңге залалды толық өтеген.
Сот шешімі бойынша Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалып, мүлкі тәркіленді. Ал Эльмира Төлегенова 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алды, бірақ кішкентай баласының болуына байланысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.
Оңай олжа жарға жығады
Заңгер Ержан Есімханов қоғамда резонанс тудырған ерлі-зайыпты Жанәбіловтер мен кәсіпкер Мөлдір Сүйіншәлиге қатысты іске ортақ мәселе стратегиялық ойлаудың жетіспеуі деп есептейді.
«Жанәбіловтер ісіндегі бір нәрсе осы уақытқа дейін мені мазалап келді. Оның не екенін мен ақыры басқа бір өте дарынды қыз — Мөлдір Сүйіншәли туралы жаңалықты көргенде түсіндім. Ол элиталы коттедж қалашығын салу жобасын бастап, шамамен 4 миллиард теңге жинаған, Forbes-тың «30-ға дейін 30» тізіміне енген. Жуырда алаяқтық күдігімен қамауға алынды. Екі жағдайды да бір нәрсе қатысушылардың терең ойлай алмауы біріктіреді», - дейді ол.
Заңгер блогерлер нақты еңбектенетін жолды таңдағанда ғана табысқа кенелетінін айтады.
«Мысалы, құрылысшы қызды алайық. Елестетіп көріңіз, 26 жаста сізде коттедж қалашығын салу үшін 4 миллиард теңге тартатындай ақыл, табандылық және харизма бар. Осындай жағдайда ең оңай әрі тиімді жол қандай? ҚҰРЫЛЫСТЫ АЯҚТАУ. Сонда сіздің артыңызда дайын жоба болады. Қазақстандағы барлық девелоперлер бір жобадан бастаған. Клиенттеріңіз болады. Банктер мен серіктестерге ұсынуға болатын табыс тарихыңыз қалыптасады. Осындай бастапқы мүмкіндіктермен келесі жобаны 4 емес, 40 миллиардқа дейін жеткізуге болады. Бірақ оның орнына түрлі схемалар, ақшаны шығару сияқты нәрселер басталады. Енді Жанәбіловтерді алайық. Екеуінің бірнеше миллион жазылушысы бар. Мұндай жағдайда кез келген ақылды адам не істейді? Дұрысы — жарнамадан табыс табады. Менің Instagram-да тіпті 100 мың жазылушым жоқ, бірақ соның өзінде жарнамадан жақсы табыс табамын, әрі бұл менің негізгі жұмысым да емес. Тек сапалы жарнама жасау керек, дұрыс аудитория жинау керек, біртіндеп ірі тұрақты клиенттермен жұмыс істеу керек. Бірнеше брендтің тұрақты амбассадоры болуға болады», - дейді Ержан Есімханов.
Сарапшы осы екі мысалды келтіре отырып, жастарға еңбектің артында зейнет тұратынын айтып, ұзақ мерзімге жұмыс істеуге шақырды.
«Блогерлер ақымақ ұтыс ұйымдастырып, сол үшін түрмеге түседі. Оның үстіне бүкіл ел алдында масқара болады. Сондықтан осы екі мысалға қарап, қазір немен айналысуды ойлап жүрген жастарға бір қарапайым нәрсе айтқым келеді. Асықпаңыздар. Бірден ақшаға, виллаларға, «Лексусқа» ұмтылмаңыздар. Қолдарыңыздағы мүмкіндікті — сырт келбетіңізді, танымалдылығыңызды, байланыстарыңызды бірден ақшаға айналдыруға тырыспаңыздар. Одан түсетін пайда аз болады. Ұзақ мерзімге жұмыс істеңіздер. Сабыр сақтаңыздар, беделдеріңізге инвестиция салыңыздар. Ұзақ мерзімде дәл осы факторлар ғана тұрақты әрі ауқымды табысқа жол ашады», - деді ол.