Танымал әнші Әли Оқапов жеке өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі туралы ашық айтты. Өнер иесі «Taboo» бағдарламасына берген сұхбатында жұбайы Еркемен арасы суып, біраз уақыт мүлде сөйлеспей кеткен сәтін еске алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әншінің айтуынша, дәл сол кезеңде ол Еркені қаншалықты жақсы көретінін анық түсінген.
«Ғашық екенімді ұрысып қалған кезде түсіндім. Екеуміз мүлде араласпай кеттік. Қазір де балам мен әйелім Атырауда болса, олар кеткенде өмірімнің бояуы кетіп қалғандай болады. Үй тып-тыныш, ештеңе қызық емес. Сол кезде де дәл сондай күй кештім», – деді Әли Оқапов.
Өнер иесінің көңіл күйіндегі өзгерісті анасы, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева да байқаған. Ол ұлынан не болғанын сұрағанда, Әли Еркемен араласпай кеткенін, өзін ажырасқандай сезініп жүргенін айтқан.
Сол кезде анасы оған сабырлы түрде кеңес берген.
«Анам: “Жарайды, балам, өзің білесің. Бірақ пікір ретінде айтайын, Ерке маған ұнайды. Ол сенің теңің сияқты”, – деді», – деп еске алды әнші.
Осы әңгімеден кейін Әли Оқапов гүл алып, Еркеге барған. Ол жұбайынан кешірім сұрап, екеуі қайта татуласқанын айтты.
«Далада жаңбыр жауып тұрды. Біз татуластық, құшақтастық. Сол сәттен бастап өмірім қайтадан түрлі-түсті бояуға енді», – деді өнер иесі.
Әншінің бұл әңгімесі отбасылық өмірде түсіністік пен кешірімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.