Атыраулық судья Зарема Хамидуллина 58 жастағы бастауыш сынып мұғалімінің өліміне қатысты тағы бір резонансты істі қарайды. Дәл осы судья бұған дейін Яна Легкодимованы өлтіргендерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сондай-ақ ол Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты күдіктінің ісін де қарап жатыр, деп kznews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Қайғылы оқиға 16 наурызға қараған түні Нұрсая шағынауданында болған. Сот алдында ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі, яғни «Адам өлтіру» бойынша айыпталған 63 жастағы зейнеткер жауап беріп жатыр.
Айыптау материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында ұзақ уақыт бойы қызғаныш пен сенімсіздікке байланысты жанжал болып келген. Қайғылы түнде кезекті ұрыс ауыр қылмысқа ұласқан.
Тергеу нұсқасы бойынша, түнгі сағат екілер шамасында ер адам асүй пышағын алып, жұбайы мен отбасында тәрбиеленіп жүрген 12 жастағы қыз отырған бөлмеге кірген. Әйелге бірнеше рет пышақ жарақаты салынған. Ол оқиға орнында көз жұмған.
Іс бойынша негізгі куәгер – сол сәтте пәтерде болған кәмелетке толмаған қыз. Оның айтуынша, ол айғайдан оянып, араша түсуге тырысқан. Алайда шабуылдың дәл өзін көрмеген.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады. Ол жанжалдан кейін пышақ алып, әйеліне соққы жасағанын растады. Отырыста ер адам жылап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. Сонымен қатар ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.
Сот барысында тараптарға айыптау актісінің көшірмесі берілмегені белгілі болды. Судья прокурорға ескерту жасап, құжаттар сол жерде, сот залында табысталды.
Сот ашық режимде өтіп жатыр. Келесі отырыс 5 маусым күні сағат 10:00-ге белгіленді.