Respublica партиясының V кезектен тыс Съезінде депутаттар, Орталық кеңес мүшелері, өңірлік филиалдардың басшылары мен партия белсенділері партияның үш жылдық қызметінің қорытындысын шығарып, Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасына сәйкес әзірленген партияның жаңа Жарғысын қабылдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Съезд делегаттарының алдында сөз сөйлеген Олжас Құспеков партияның үш жылдық жолын қорытындылау еліміз үшін жаңа кезеңмен тұспа-тұс келуінің символдық мәніне тоқталды.
«Жуырда ғана Қазақстан Конституциялық реформалар негізінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Алдымызда қашанда жаңғырудың, ауқымды реформалардың және болашаққа деген сенімнің символына айналған елордамыздың мерекесі таяп қалды. Дәл осындай тарихи кезеңде осыдан үш жыл бұрын біздің партиямыз да дүниеге келген еді», – деді ол.
Партияның алғашқы айларын еске алған Олжас Құспеков команданың күн сайын түнге дейін заңнаманы зерделеп, комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына дайындалғанын айтты.
«Сол кезде көпшілігіміз бизнестен келген едік, саясаттағы тәжірибеміз жоқтың қасы болатын. Тіпті, жаңа буынымыз қатпаған едік десек те болады. Парламентте қалай жұмыс істеу керектігін ешкім дайын күйінде үйреткен жоқ. Барлығын нөлден бастап үйрендік», – деді депутат.
Оның айтуынша, Respublica мүшелері қоғам алдындағы жауапкершілікке негізделген қазақстандық кәсіпкерліктің тарихи дәстүрін жалғастырып келеді.
«Біздің тарихымызда табысты болуды тек жеке жетістік деп емес, ел алдындағы жауапкершілік деп түсінген азаматтар аз болмаған. Ұлы Тұран мен Ұлы Жібек жолы дәуірінде іскер, бастамашыл адамдар Ұлы даланың өркендеуіне серпін берген негізгі күштердің бірі болды. VIII ғасырдағы Орхон жазбаларында: «Түн ұйықтамадық, күндіз отырмадық, аз халықты көп қылдық, кедей халықты бай қылдық» деген сөздер тасқа қашалып жазылған. Кейін Жүсіп Баласағұни өзінің «Құтты білік» кітабында өз еңбегімен елге пайдасын тигізіп, жиған дәулетін тек өзінің емес, қоғамның игілігіне жұмсаған адам ғана құрметке лайық екенін жазды. Бұл дәстүрді кейін қазақтың саудагерлері, Қосшығұлов секілді кәсіпкерлер мен өндіріс иелері жалғады. Олар мектептер салып, ағартушылыққа қолдау көрсеткен, өндірісті дамытып, туған жеріне жанашырлық танытқан меценаттар. Біз де өз компаниямыз үшін ғана емес, қоғам үшін де құндылық қалыптастырғымыз келді», – деді Олжас Құспеков.
Оның айтуынша, үш жыл ішінде партия жаңа саяси күштен еліміздегі ең белсенді парламенттік фракциялардың біріне айналды.
«Үш жыл ішінде Respublica партиясының депутаттары бастамасымен 30 заң жобасы әзірленді. 300 заңды талқылау және қабылдау жұмысына қатысты. Ал біздің 2 900-ден астам түзетуіміз қолданыстағы заңнаманың ажырамас бөлігіне айналды», – деді депутат.
Съездегі маңызды шешімдердің бірі партияның жаңартылған Жарғысын қабылдау болды. Олжас Құспековтың айтуынша, енгізілген өзгерістер партияның дамуымен қатар, елдегі саяси жаңғыру үдерістерін де көрсетеді.
«Осы уақыт ішінде еліміз өзгерді, дәл қазір саяси жүйе белсенді түрде жаңарып жатыр, Respublica партиясының өзі де өсті. Сондықтан ішкі ережелеріміздің де жаңаруы – заңды құбылыс», – деді ол.
Жарғының жаңа редакциясында партияның ішкі нормалары Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді, Орталық кеңестің рөлі күшейтілді, партиялық процестерді цифрландыру жалғасын тапты (енді партияға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы мүше болуға мүмкіндік беріледі), сондай-ақ басшылық органдарын қалыптастыру тәртібі нақтыланды.
Маңызды өзгерістердің бірі ретінде партия төрағасының орынбасары лауазымы енгізілді. Съезд қорытындысы бойынша партия төрағасының екі орынбасары болып Олжас Құспеков пен Жанат Ысқақов сайланды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, VIII сайланған Парламентті Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамдардың бірі деуге болады. Сонымен қатар Президент бүгінгі күннің жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер кезеңі екенін айтты. Біз дәл қазір Respublica партиясының мүшелері үшін елге қызмет етудің жаңа мүмкіндіктері ашылып отыр деп сенеміз», – деді Олжас Құспеков.
Болашақ туралы айта келе, ол Қазақстанның жаңа даму кезеңі жауапкершілік пен нақты нәтижеге негізделген жаңа саяси мәдениетті талап ететінін айтты.
«Біздің саяси кеңістікте өзін әлі күнге дейін «бизнестің үні», капиталдың басты қорғаушысы ретінде көрсеткісі келетін күштер бар. Олар өткеннің тарихи бағдарларына сүйеніп, өздерін балама күш ретінде көрсетуге тырысады. Бірақ олардың күн тәртібі әлдеқашан өз әлеуетін сарқып болды. Ондаған жыл бойы екі орындыққа қатар отыру мүмкін емес: жұрт алдында асыл, «ақалтеке» болып көрініп, іс жүзінде ыңғайлы кабинет құрылымы деңгейінен аспайтын шағын сәндік пони болып қалуға болмайды», – деді ол.
Оның айтуынша, дәл сондықтан Respublica алғашқы күннен бастап нақты іс, жауапкершілік және нәтижеге жұмыс істеу жолын таңдады.
«Біз – Жаңа Қазақстанның алғашқы партиясымыз. Тарихи өзгерістердің бір бөлігі болу бақыты бізге бұйырғанын мақтан тұтамыз. Respublica-ның бес негізгі құндылығы бар және олар уақытқа да, жағдайға да тәуелді емес. Біз әрқашан көлденең әрі демократиялық басқару қағидаттарын ұстанатын партия болып қала береміз. Біз әрқашан біртұтас механизм боламыз. Біз әрқашан партияға талаппен емес, ұсыныспен келетін адамдарды біріктіреміз. Біз әрқашан қоғамның барлық тобына ашықпыз. Ең бастысы – осыдан үш жыл бұрын ұстанған ұстанымымыздан айнымай, ел сенімін нақты іспен ақтайтын партия болып қала береміз», – деп түйіндеді Олжас Құспеков.