KZNews.kz
Жаңалықтар

«Ол мені жерлеуі керек еді…»: Мұрат Бисембиннің әкесінің жүрек жарды сөзі елді жылатты

Дархан Тоқан
Фото: Бейнежазбадан кескін

Қайғы жұтқан әке ұлының соңғы күндері қалай өткенін айтып, көпшіліктің көңілін босатты, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі smartnews.kz-ке сілтеме беріп.

Басылым мәліметінше, өмірден өткен актер Мұрат Бисембиннің қазасы қоғамда кең талқыға түсті. Әсіресе марқұмның әкесінің жанайқайы көптің жанын ауыртқан. Айтуынша, Мұрат соңғы үш күн бойы ем қабылдап жүрген. Денсаулығы күрт төмендеп, өздігінен жүруі қиындап, тамақ іше алмай қалған.

Әкесі 8 қаңтар күні суық хабар естіген сәтін еске алып, көз жасын тыя алмаған. «Маған қоңырау шалып, “Мұраттан айырылдық” деді. Не айтарымды білмедім… Ата-ана тірі кезде баласын жерлеу – көтере алмайтын қасірет. Ол мені жерлеуі керек еді, ал енді мен оны жерлеп жатырмын…» деген сөзі әлеуметтік желіде де жиі тарап, жұртты толқытты. Көпшілік пікірлерінде отбасына сабыр тілеп, марқұмның жарқын образдарын еске алып жатыр.

Жақындарының айтуынша, актер онкологиялық дертпен күрескен. Соңғы кезеңде жағдайы күрт нашарлап, шұғыл иммунотерапия қажеттілігі туған. Дәрігерлер мен туыстары қолдан келген көмекті жасағанымен, актердің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Мұрат Бисембин 1972 жылғы 11 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алғашында ауыл шаруашылығы бағыты бойынша инженер-механик мамандығын меңгергенімен, кейін өнер жолын таңдаған. Әртүрлі фильмдер мен жобаларда есте қаларлық рөлдер сомдап, әріптестері мен көрермендерінің ықыласына бөленді. Марқұмның артында жары мен үш баласы қалды.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары