Ресейлік комик Алексей Щербаков Алматы қаласына ұшып келді. Әуежайда әзілкешті қазақтың ұлттық тағамдарымен қарсы алған сәттің видеосын Instagram желісінде қазақстандық фильммейкер Дінислам Нұрлан жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
"7 ақпан күні таңғы сағат 8-де Щербаков Алматыға "Пейіш 2" фильмінің премьерасына келді", – деп жазды Дінислам Нұрлан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алексей Щербаков көрерменге Stand Up жобасының резиденті ретінде, сондай-ақ YouTube-тағы танымал "Что было дальше?" бағдарламасының тұрақты қатысушысы ретінде жақсы таныс.
Сонымен қатар әлеуметтік желі қолданушылары комиктің Алматыға келуін әріптесі – Нұрлан Сабуров төңірегіндегі соңғы даумен байланыстырды. Еске сала кетейік, Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынып, ол кейін туған еліне оралған болатын.
Кейбір желі қолданушылары әзіл-қалжың аралас пікір қалдырып, "енді Щербаковты да жазалайтын шығар" немесе "ТНТ арнасы мен "Что было дальше?" жобасы Алматыға көшеді" деген жорамал айтты.