Қазақ музыкасының көрнекті тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің қызы, белгілі дирижер Дінзухра Тілендиева отбасына қуанышты жаңалық келгенін бөлісті. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында сүйінші хабарын жариялаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Дінзухра Тілендиева сәбиінің дүниеге келгенін ғана айтып, оның ұл немесе қыз екенін әзірге нақтыламады. Осыған байланысты желі қолданушылары жас ана мен нәрестеге ақ тілегін жаудырып, «бауы берік болсын» деп қуанышын бөлісті.
Өнер иесіне жазылған пікірлерде ана мен баланың дені сау болып, нәрестенің ғұмыры ұзақ болуына тілектер айтылды. Жақындары мен оқырмандары Дінзухра Тілендиеваның қуанышына ортақтасты.
Айта кетейік, Дінзухра Тілендиева – қазақтың әйгілі композиторы әрі дирижері Нұрғиса Тілендиевтің қызы. Ол бүгінде әкесі негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарады.
Дінзухра Тілендиева Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ретінде де танымал. Ол әкесінің шығармашылық мұрасын жалғастырып, қазақтың ұлттық музыкасын насихаттауға үлес қосып келеді.