Қостанай, Петропавл және Астана тұрғындары түнгі аспанда соңынан ұзын жарық із қалдырған жарқыраған нысанды байқады.
Видео әлеуметтік желілерде тез тарап, қолданушылар төбелерінен не ұшып өткенін жорамалдай бастады: ол НЛО, зымыран сынықтары немесе тіпті "Трансформерлердегі" десептикондар болуы мүмкін бе? Tengri Life басылымы Фесенков атындағы астрофизика институтынан бұл ерекше құбылыстың себебі не болуы мүмкін екенін анықтады.
Ерекше нысан бірнеше қалада бірдей байқалды
Біздің редакцияның WhatsApp нөміріне Қостанай тұрғыны 12 қазанда түсірілген видеоны жолдады.
"Қайырлы кеш! Қостанай аспанында кометаға ұқсайтын бірдеңе ұшып өтті", - деп жазды оқырман.
Видеолар ондаған және жүздеген мың қаралым жинады. Пікір қалдырушылар көргендеріне қатысты түрлі болжамдар жасады.
"Трансформерлердегі" десептикондар ұшып келді!", "Мұндайды қалай өткізіп алдым... Бұл стратосферадағы зымыран бөлшегінің немесе ескі спутниктің қирауы", "Аяз ата асығып бара жатыр", "Әрине, бұл НЛО! - деді менің таныс "астронавтым", - деп жазды пікір қалдырушылар.
Алайда ғалымдардың нақтырақ нұсқасы бар.
Ғалымдар қалай түсіндірді?
Фесенков атындағы астрофизика институты кейінгі уақытта спутниктерді ұшыру жиілегенін хабарлады. Сонымен қатар Жер маңындағы орбитада ғарыштық қоқыс та көбейіп келеді.
Әңгіме тасымалдағыш зымырандардың пайдаланылған сатылары мен істен шыққан спутниктер туралы болып отыр. Мұндай нысандар Жер атмосферасына енген кезде қызып, аспанда жарқыраған із қалдыруы мүмкін.
"Мұның бәрі Жер атмосферасына ғарыштық қоқыстардың: тасымалдағыш зымырандардың пайдаланылған сатыларының немесе істен шыққан спутниктердің енуін жиі бақылауға әкеп соғады. Мұндай құбылыстар Қазақстанда да жиі байқалып жүр", - деп атап өтті АФИФ мамандары.
Мамандардың мәліметінше, 12 қазан кешінде байқалған нысан қытайлық Kuaizhou-11 зымыранының үшінші сатысы болуы мүмкін.
Қазақстан аспанынан не ұшып өтуі мүмкін еді?
Ғалымдар атмосфераға енетін нысандарды қадағалайтын CORDSмәліметтер базасына сілтеме жасады. Ондағы деректерге сүйенсек, сөз NORAD 100743 сәйкестендіру нөмірі бар қытайлық Kuaizhou-11 зымыранының үшінші сатысының корпусы туралы болуы мүмкін.
Институт мәліметінше, нысанның атмосфераға енуінің болжамды уақыты - Қазақстан уақытымен сағат 15:29-дан 21:29-ға дейін. Оның атмосфераға енгенге дейінгі қозғалыс траекториясы ел аумағының үстінен өткен.
"Бұл тұжырымға қытайлық 100743 зымыранының үдеткіш блогының траекториясы Жер атмосферасына енгенге дейін Қазақстан аумағынан өткені дәлел болады", - деп бөлісті АФИФ мамандары.
Сынықтар жерге түсуі мүмкін бе?
Фесенков атындағы астрофизика институты мұндай нысандар әдетте атмосфера арқылы өткенде толығымен жанып кететінін атап өтті. Сондықтан мамандар зымыранның ірі бөлшектерінің жерге түсу мүмкіндігі төмен деп есептейді.
Сондай-ақ институт Жер маңындағы кеңістікті Асы-Түрген және Тянь-Шань обсерваторияларындағы оптикалық құралдардың көмегімен бақылап отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, қазақстандықтар мұндай құбылысты бірінші рет көріп отырған жоқ. Мәселен, қыркүйек айында Қаскелең мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да аспанда ұзын "құйрығы" бар ерекше шұғыланы бақылаған болатын. Сол кезде кейбіреулер оны комета деп ойласа, енді бірі төбелерінен нақты не ұшып өткенін түсіне алмаған еді.
Фесенков атындағы астрофизика институты сол кезде бұл шұғыланың да кезекті зымыран ұшырумен байланысты болғанын растады.