KZNews.kz
Қаржы

Несиеге байланған қоғам: ертеңімізді еркіндіктен кепілдікке айырбастап қойған жоқпыз ба?

Айжан Сыланова
Фото: ашық дереккөз

Қазақ «қарыз күліп келіп, жылап кетеді» деп бекер айтпаған. Бірақ біз сол жылауды өмірдің қалыпты үніне айналдырып алған сияқтымыз. Бүгін де несие — тосын қадам емес, тұрмыстың тынысына сіңіп кеткен құбылыс. Таңғы шай мен кешкі есептің арасында жұрт ай сайынғы төлем кестесіне телміріп отыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Бір қарағанда, несие — бүгінгі тыныс-тіршілігі үздіксіз қоғамның қаржылық құралы. Бірақ құрал шектен шыққанда, ол тұсауға айналады. Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі 16 триллион теңгеден асып, жыл сайын шамамен 20–25%-ға өсіп келеді. Бұл — құр сан емес. Бұл — миллиондаған отбасының болашағы ай сайынғы төлемге бөлініп жатқанын білдіретін көрсеткіш.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елде 8–9 миллионға жуық адамның несиесі бар. Яғни еңбекке қабілетті халықтың басым бөлігі банкке қарыз, тіпті белшеден батып өмір сүреді. Яғни әр  таңымыз “ақша төлеу керек” деген оймен атып, кешті солай батырып жатырмыз.

Экономист, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің сөзі осы ахуалды дөп басады:

«Несие — өздігінен жаман құрал емес. Бірақ Қазақстанда ол табыстың өсуін күтіп емес, табыстың жетіспеуін жамау үшін алынады. Бұл — ең қауіпті сценарий».

Яғни біз несиені даму үшін емес, демеу үшін алып отырмыз. Бизнес бастау үшін емес, базар қамы үшін. Инвестиция үшін емес, инфляцияның орнын толтыру үшін. Былай қарасаң, несие қанға сіңіп кеткен дағды боп қалыпты.

Қарызға үйренген сана еркін ойлай ала ма, қалай ойлайсыз? Тұтынушылық несие бүгінгі күннің ыңғайына негізделген. Бірақ ертеңгі күннің тынысын тарылтуы мүмкін. «Алдымен несиені жабайық, сосын өмір сүреміз» деген формула көп отбасының үнсіз ұранына айналған. Өмір кейінге шегеріледі. Арман кейінге қалады. Бала сүю, үй ауыстыру, кәсіп бастау — бәрі «төлемнен кейін».

Психолог Айгүл Төлеубаева қаржылық күйзелістің салдарын былай түсіндіреді:

«Үнемі несие туралы ойлау — созылмалы мазасыздық. Адам өзін қауіпсіз сезінбейді. Болашақты жоспарлау қабілеті әлсірейді. Бұл тек қаржылық емес, психологиялық қысым».

Расында, несие тек қалтаны қыспайды, ойды да шектейді. Қиялды да тежейді. Қоғамның батыл қадам жасауына да салқындық түсіреді.

Бүгінде тұтынушылық несиенің басым бөлігі күнделікті қажеттілікке жұмсалады. Мәселен, көлік алу, үй салу, той жасау, техника алу, бәрі несиеге кеп тіреліп тұр. Демек, мәселе жауапсыздықта ғана емес, табыс пен тұрмыс құны арасындағы алшақтықта. Жалақы инфляциямен жарыса алмай жатқанда, несие амалсыз көпірге айналып отыр.

Бірақ сол көпірдің ар жағында не бар?Егер қоғамның жартысынан көбі ертеңгі табысын бүгін жұмсап отырса, онда бұл жеке таңдау ма, әлде жүйелік дағдарыс па?

Тіпті 2024 жылғы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда шамамен 8,9 миллион адамның несиесі бар, яғни еңбекке қабілетті халықтың шамамен 90%-ы қаржы ұйымдарына міндетті.

Қарыз қамытына мойынсұнған қоғам болашағы бұлыңғыр боп тұр. Ертеңін кепілге қойып, бүгінін сақтап қалу — ұзаққа бармасы айдан анық. Қазақта «Берешек бергенше, жан бер» деген тағы бір сөз бар. Бұл — әсірелеу емес, берешектің салмағын сезінген халықтың түйгені. Бүгін біз сол салмақты жеңіл көріп жүрген сияқтымыз, несиеге жабыла ұрынып жатырмыз. Бір тетікпен, өміріміздің бір бөлігіне айналдырып қойдық.

Несие мүлде жаман дүние дегеніміз емес. Ол біреуді көтереді, біреуді төмен тартады. Картасы бұғаттауға түсіп, банктің күніге мың мәрте қоңырауынан шаршағандар қаншама. Бірақ қоғам түгелдей қарызға сүйеніп тұрса, бұл жай ғана экономикалық көрсеткіш емес, бұл әлеуметтік белгі ғой.

Ендеше басты сұрақ ашық күйінде қалады: Біз шынымен еркінбіз бе, әлде ертеңіміз ай сайынғы төлем кестесінде белгіленіп қойған ба?

Жауап әр отбасының бюджетіндегі сандарда ғана емес, қоғамның несиеге деген көзқарасында. Еркіндік қарызсыз өмірде емес, қарызға тәуелсіз санада. Ал ондай сана қалыптасуы үшін тек қаржы емес, сенім мен тұрақтылық ауадай қажет.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →