Непалда жойқын су тасқынынан кейін іздестіру жұмыстарын жүргізген құтқарушылар үйінді астынан алты жасар қызды аман алып шықты. Бала топырақ пен қирандылардың астында үш тәулік жатқан, деп хабарлайды kznews.kz.
India Today мәліметінше, оқиға Расува ауданында болған. Бхотекоши өзенінің арнасындағы селден кейін аумақта іздеу жүргізіп жатқан полиция қызметкерлері үйінді арасынан баланың дауысын естіген.
Құтқарушылар қызды қауіпсіз жерге шығарып, кейін медициналық көмек көрсетті. Сенбі күні ол тікұшақпен Катмандудағы ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр.
Басылым құтқару операциясының бейнежазбасын да жариялады.
Айта кетейік, Непалдың солтүстігіндегі бірнеше ауданда жойқын су тасқыны 26 тамызда басталған. Қытай аумағынан келген қуатты су ағыны Бхотекоши мен Тришули өзендерінің аңғарларына жайылып, елді мекендерге айтарлықтай зиян келтірген.
Табиғи апат салдарынан тұрғын үйлер, жолдар мен көпірлер қираған. Алдын ала болжам бойынша, апатқа таудағы мұз бен жыныстардың ірі көлемде опырылып, кейін көшкіннің жүруі себеп болуы мүмкін.
Болжамға сәйкес, мұздықтағы үлкен масса бір шақырымнан астам биіктіктен құлап, өзен арнасын уақытша бөгеген. Кейін табиғи бөгет бұзылып, су, лай және тау жыныстары аралас жойқын ағын төменгі аумақтағы елді мекендерге қарай жайылған.
Соңғы мәлімет бойынша, апат салдарынан қаза тапқандар саны 750 адамға жеткен. Бұдан бөлек, үш мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың арасында Қазақстанның үш азаматы да бар.