KZNews.kz
Саясат

“Неден дәмелісіз? Қызыңызды таққа отырғыңыз келе ме?”: Путинмен кездескен Назарбаевты ел сынап тастады

Ayzhan Sylanova
Фото: Михаил Метцель/ТАСС

Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты ақпарат қоғамда қызу реакция туғызды, деп хабарлайды kznews.kz.

Желі қолданушысы Абзал Ибрашев аталған кездесуге байланысты өткір пікір білдіріп, экс-президентке ашық үндеу жолдады. Ол өз жазбасында Назарбаевтың ел алдындағы жауапкершілігі, өткен саясаттың салдары және қазіргі жағдай туралы наразылығын жасырмады.

“Назарбаев тағы да Мәскеуде жүр дейді. Ағайын, күйініп отырмын. Ата-ау! Қойсаңызшы. Болды ғой. Не керек сізге? Иә, қазаққа жасаған жақсылығыңыз бар. Бірақ қазақты өз заманында тентіретіп кеттіңіз ғой, Ата… Ақиқат қой. Сіздің кесіріңізден қазір қазақтың жастары құл болып Кореяда жүр. Құл болып Англияда клубника теріп жүр.

Ата, білесіз бе? Бүкіл байлықты өзіңіздің еншіңізге тықтыңыз ғой. Туысқандарыңыз бүкіл Қазақстанның бастаған тірлігін өздеріне тартып алды. Рас. Қазақтың атом бомбасын 1992 жылы алдыңыз да, “бізге ол керек емес” деп Ресейге бере салдыңыз. Қазақ ешкімге қарсы сөз айта алмайтындай дәрежеге түсіріп кеттіңіз ғой… Ол ештеңе емес… Қазақтар өзінің жерінде еңсесін тік ұстап жүре алмайтындай халге түсірдіңіз ғой бізді, Ата…

Білесіз бе? Қазір Аллаға шүкір, Тоқаевтың саясатының, дипломатиясының арқасында аман жүрміз. Расымен де, басқа біреу отырса анау жақта не болатынын білмеймін. Ата-ау! Неден дәмелісіз? Қызыңызды таққа отырғызғыңыз келіп жүр ме? Мен сізге айтайын! “Байтал шауып бәйге алмас”. Қазақ ешқашан қатынның алдында бас имеген. Қызыңызды таққа отырғызатын болсаңыз, Қазақстанда қазақ көрмеген көтеріліс болады. Ресейді ортаға сала бермеңіз. Ресейден қазір қазақ сіздің кезіңіздегідей қорықпайды. Ресейге “ләппай тақсыр” демейді. Осы сөзім үшін мені өлтіртетін шығарсыз, Ата. Бірақ ақиқатын айтайын. Менің жаным халқымнан артық емес…”, – деп жазды ол.

Аталған жазба әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қолданушылар арасында түрлі пікір қалыптастырды.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары