KZNEWS.KZ
Білім

Nazarbayev University жасанды интеллектке арналған жаңа мектеп ашты: онда 2100-ден астам студент оқиды

• Асқар Алтайұлы
Фото: Nazarbayev University баспасөз қызметі

Жаңа мектеп компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект, математика және робототехника бағыттарын бір академиялық ортаға біріктіреді, деп хабарлайды kznews.kz.

Университет мәліметінше, қазір SCAI-де 2100-ден астам студент білім алады. Олардың 281-і магистратурада, 99-ы докторантурада оқиды. Биыл мектепке 608 жаңа студент қабылданған, ал оқытушылар құрамында 70-ке жуық профессор бар.

SCAI алдағы уақытта жасанды интеллект бойынша Гонконг политехникалық университетімен бірлескен бакалавриат бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жасанды интеллектіні түрлі салада қолдануға бағытталған AI for X докторантурасы, AI қолданылатын киберқауіпсіздік магистратурасы және есептеу технологиялары мен Deep FinTech бойынша кәсіби магистратура әзірленбек.

Мектептің зерттеу бағыттарына генеративті және физикалық жасанды интеллект, қалалық аналитика, есептеу қаржысы мен киберқауіпсіздік кіреді. Ғылыми жобаларда NU-дың Shabyt, Muon және Irgetas есептеу кластерлері пайдаланылмақ. SCAI университеттің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен (ISSAI) де ынтымақтастықты дамытады.

Университет зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдануға және студенттердің технологиялық жобаларын қолдауға басымдық бермек. SCAI-дің 2030 жылға дейінгі мақсаттарының бірі — 30-дан астам deep-tech стартаптың құрылуына ықпал ету. Мектеп осы мерзімге қарай Times Higher Education рейтингінде компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша алғашқы 250 оқу орнының қатарына кіруді де көздейді.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →