2016 жылы 24 сәуірде Атыраудан бастау алған наразылық, аукцион арқылы сатылымға шығарған жерді сақтап қалды. Үкіметті бейбіт түрде шегіндірді, ойландырды. Тіпті жандарын мұрнының ұшына көрсетті. Сасқалақтаған Қазақстан билігі - жер комиссиясы деген жалған, жасанды тобырымен қосыла 5 жылға мораторий енгізуге мәжбүр болды.
Биыл, мораторий бітер тұста сол жасанды жер комиссиясын билік қайта тірілтіп алды. Алайда, осы тұста Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылында халық тұтынып жатқан өзен-суын, жайылымдық жерін қоршауға алып, Ресей тарапы шекара бағандарын қағып жатыр. Бұрын, шекаралық аймақ өзеннен едәуір арғы жағында болған екен.
Бұған себеп, 2005 жылы 18 қаңтарда Мәскеуде "Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі" бойынша екі ел арасында келісім болған-мыс. Сондықтан, демаркациялық жұмыстары әлі аяқталмағандықтан, шекара белдеуі орнатылуда - дейді.
Енді тоқталайық:
- 2005 жылы жасалған келісім құжаты қайда? Ол неге көрсетілмейді?
- Осы уақытқа дейін, яғни, 16 жыл бойы Ресей шекарасын бекітуде ай қарап, жұлдыз санап жүрген жоқ ғой. Неге 16 жылдан кейін шекарасы есіне түсе қалды.
- Осыған дейін Назарбаев "шет мемлекетпен шектесетін шекарамызды шегелеп алдық" деп мақтанатын еді. Оның осы сөздерін Тасмағанбетов, Тоқаев секілділер растап сөйлейтін. Енді, мына демаркация қайдағы?
- Ресейдің Сыртқы Істер Министрі Лавров Қазақстанға келіп-кеткеніне 10 күн толмай, Ресей тарапы шұғыл түрде не үшін демаркация жасауға ұмтылды?
- Жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді - деп улап-шулаған жер ком. қайда? Жер сатылмақ түгілі, өзге ел 16 жылдан кейін жайылым жермен қоса, ауылдың халқы тұратын, шоғырланған жерден ел тұтынатын өзен-суды өз меншігіне қарай тартып жатқанды көрмей ме? Осыдан кейін қандай комиссияға жалтақтайсың, қазақ?
Р.S: Бұл сурет 2016 жылғы наразылықтан кейін, 1 жыл өткенде 24 сәуірді "Қазақ жерін қорғаушылар күні" деп атап, соған орайластырып жасалған логотип еді.
Сондықтан тағы айтамын:
Шекара бағандарымен қоршалған Көптоғай жері халыққа кері қайтарылмаса, 2005 жылы Мәскеуде жасалған мемлекеттік шекара туралы келісім ашық түрде қайта қаралмаса, Ресей шекара белдеуі кері ығыстырылмаса - НАРАЗЫЛЫҒЫМДЫ ТАНЫТЫП 24 СӘУІР КҮНІ БЕЙБІТ МИТИНГІГЕ ШЫҒАМЫН
Ринат Рафхат, Facebook парақшасынан