Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы саяси серіктерімен кейін туыстық байланыс арқылы да жақындасқаны туралы журналист Асылхан Мамашұлының "Жон арқадан ұрылған пышақ. Қилы кезең" атты деректі фильмінде баяндалды. Фильмде 1980 жылдардағы Қазақ КСР билігі, Қонаев пен Назарбаев арасындағы саяси сабақтастық және кейінгі ықпал топтарының қалыптасуы сөз болады, деп хабарлайды kznews.kz.
Автордың айтуынша, Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне келді. Бұл кезең Назарбаевтың ұзақ жылдарға созылған саяси мансабындағы маңызды белестердің бірі ретінде сипатталады.
Сол жылдары Назарбаев басқарған Министрлер кеңесінің құрамында Мұхтар Әлиев денсаулық сақтау министрі болды. Қанат Саудабаев Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетін басқарды. Ал Асқар Құлыбаев Жоғарғы совет президиумының мүшесі қызметін атқарған.
Фильмде осы тұлғалардың кейбірі кейін Назарбаев әулетімен құдандалы болып, тәуелсіз Қазақстан кезеңінде де ықпалды ортада қалғаны айтылады. Мұхтар Әлиевтің ұлы Рахат Әлиев Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға үйленсе, Асқар Құлыбаевтың ұлы Тимур Құлыбаев Динара Назарбаевамен шаңырақ көтерді.
Қанат Саудабаев та кейін тәуелсіз Қазақстанның жоғары мемлекеттік қызметтерінде болды. Ол 1994 жылы сыртқы істер министрі болып тағайындалып, кейін Қазақстанның Түркия мен Ұлыбританиядағы елшісі қызметін атқарды. 1999 жылы елге оралып, премьер-министрдің кеңесшісі, кейін мемлекеттік хатшы болды.
"Жон арқадан ұрылған пышақ" фильмінде 1985-1995 жылдар аралығындағы Қазақстандағы ірі саяси оқиғалар, Қонаев пен Назарбаев қарым-қатынасы, сондай-ақ билік ішіндегі өзгерістер кеңінен талданады. Жоба авторлары бұл кезеңді бірнеше бөлім арқылы көрсету жоспарланғанын хабарлаған.