Атыраудағы қайғылы оқиғадан кейін ерлі-зайыптылардың 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиевтің WhatsApp желісінен келген хабарламалар жұртқа белгілі болды, бірақ туыстары оны Наурыздың өзі жазғанына күмән келтіреді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде Наурыздың жақындарына жолдаған WhatsApp хаттарының скриншоттары жарияланды. Онда «өз ісіне араласпауды» сұрап, туыстарына реніш білдірген сөздер жазылғаны айтылады. Хабарламалар 2025 жылдың 27 желтоқсанында келгені көрсетілген.
Скриншоттағы мәтінде: «Неге елді дүрліктіріп, арыз жазып жүрсіздер?… Ата-анама өзім жауаптымын. Араласпаңыздар. Мен үйлендім. Тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермедіңіздер», – деген сарындағы жолдар бар. Дәл осы тұсы туыстарын одан сайын алаңдатқан. Себебі олар Наурыздың мінезіне мұндай сөздер үйлеспейді дейді.
Есімін атаудан бас тартқан жақындарының бірі Наурыздың мұндай хат жолдауы екіталай екенін айтады. Оның сөзінше, Наурыздың үйленгені туралы әулетке ештеңе айтылмаған, тіпті өзі үйленбеген деп білген. Дегенмен, «мүлде мүмкін емес» деп кесіп айта алмайтынын да жасырмайды.

Суретте Ләззат Кенжеғалиева / Tengrinews.kz
Отбасының тағы бір туысы Ләззат Кенжеғалиева да бұл хабарламалардың авторына күмәнмен қарайды. Ол Наурыздың «мінезі жұмсақ, сабырлы адам» болғанын айтып, біреулер оның осы қасиетін пайдаланып, телефонын қолға түсіріп, хаттарды басқа біреу жіберуі мүмкін деген болжам айтады. Туыстарының пайымынша, ең бастысы – бұл хабарламалардың қайдан, кімнің қолымен жазылғанын анықтау.