Алматы облысында Наурыз мерекесіне қатысты даулы мәлімдеме жасаған блогер ұсталды. Ол TikTok-та жариялаған видеосында бұл мейрамды Қазақстанда тойлауға болмайтынын айтып, оны «мұсылмандық мереке емес» деп атаған, деп хабарлайды Kznews.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аталған азаматқа қатысты діни алауыздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Ағымдағы жылдың 23 наурызында әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында TikTok платформасында жарияланған бейнематериал анықталды. Онда Наурыз мерекесіне қатысты діни және этномәдени сипаттағы жария мәлімдемелер болған. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 1991 жылы туған азамат К. анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді ІІМ.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-бөлігіне сәйкес, діни алауыздықты қоздырғаны үшін, әсіресе қоғамда ықпалы бар тұлға болған жағдайда, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салсақ, блогердің видеосы Қазнетте кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Онда ол Наурызды «қазақтың да, мұсылманның да мерекесі емес» деп атап, бұл мейрамның парсы, нақтырақ айтқанда зороастризм дәстүрінен шыққанын алға тартқан. Сондай-ақ оның айтуынша, Қазақстандағы мұсылмандарға бұл күнді атап өтуге болмайды, ал тек Ораза айт пен Құрбан айт қана рұқсат етілген мерекелер.
Аталған пікірлер желі қолданушыларының өткір сынына ұшырады. Көпшілік авторды тарихты бұрмалады, ұғымдарды шатастырды және қоғамды араздыққа итермеледі деп айыптады.