Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков елорданың алғашқы қалыптасу кезеңіндегі естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Ғалымның айтуынша, ол 2000 жылы арнайы шақыртумен Астанаға қоныс аударған. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаланың қалай бой көтергеніне куә болғанын айтады. Мырзатай Жолдасбеков бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің "Руханият" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берген сұхбатында әңгімелеген.
Сұхбат барысында академик Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы дамыту жолындағы еңбегі мен сол кезеңдегі жұмыс қарқыны туралы ой қозғаған.
"Жағалауда "Пионер үйі" деген бар, басқа баратын жер жоқ. Сол жылы Президент мемлекет қызметіндегі, елге еңбегі сіңіп жүрген дәрежелі адамның бәріг шақырды. Астананың келешегі туралы әңгіме қозғады. Сол жағалауда түк жоқ. Жылан жалағандай… Сол жерде тұрып, Нұрекең "анау болады, мынау болады" деп, бәрін жырдай қылып айтты. Ішімнен ойладым: "Сөз деген айтыла береді екен ғой. Кім істейді оның бәрін деп? Қашан болады бұл?" деп. Ал, қазір қарап отырсаң, қала өсіп барады. Статистикаға қарап отырсам, 2 млн-нан асыпты Астананың халқы. Бұдан бұрын, тас үй салғанды көрдік. Зауыт салғанды көрдік. Ал, қала салғанды, оның ішінде Астана салғанды көргеніміз жоқ! Бұл ғасырда біз сияқты астана салған мемлекет жоқ! Сол жағалауда қазір күні-түні адам! Жастардың жүрген жері – ойын-күлкі, той! Бұл – жақсылықтың белгісі", – деген еді Мырзатай Жолдасбеков.