Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында экс-депутат, журналист Мақсат Толықбайдың соңғы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, оған сын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі өз жазбасында Ұлттық құрылтайдың құрамына қоғам үшін маңызды мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстар айта алатын азаматтар енуі керек деген пікірін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай алаңға тек танымал болғаны үшін әртүрлі сала өкілдерін шақыру дұрыс емес.
Меруерт Түсіпбаева Мақсат Толықбайдың бұрын асабалықпен айналысқанын еске алып, оның депутат болған кезеңіндегі қызметіне де күмән келтіретін пікір білдірді.
«Мақсат кезінде жақсы тамада болды, сол орнында жүргені дұрыс еді. Осындай ой-өріспен, осындай деңгеймен Парламентке қалай депутат болғанын түсінбеймін. Мақсат пен Ринат секілді азаматтар халықтың қандай түйткілін шешті? Қарапайым жұрттың мәселесін қаншалықты көтерді?» – деп жазды әнші.
Сонымен қатар ол Ақтаудағы су тапшылығы мәселесін мысалға келтіріп, қоғам назарын шын мәнінде маңызды проблемаларға аудару қажеттігін айтты.
«Джеки Чан Ақтауға кино түсіруге келгенде тұрғындар одан су мәселесін шешуді сұрады. Осындай жағдайлар болып жатқанда депутат болған азаматтардың басты мақсаты қандай болды?» – деген сауал қойды өнер иесі.
Сөз соңында Меруерт Түсіпбаева Ұлттық құрылтайға блогерлердің, әншілердің, спортшылардың немесе журналистердің міндетті түрде қатысуы қажет емес екенін айтып, әр азамат өз кәсіби саласында еңбек еткенінің дұрыс екенін жеткізді.