KZNEWS.KZ
Аймақ

Мұнайшыдан әлем чемпионына дейін: Маңғыстау тұрғындары сайлауда белсенділік танытты

• Асқар Алтайұлы
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметі

Дауыс беру учаскесіне өзі құрастырған роботын ертіп келген студент, сайлау күні сәбиін дүниеге әкелген ана, өндіріс басындағы мұнайшылар мен қыстаудағы шаруалар саяси науқаннан қалыс қалмады, деп хабарлайды kznews.kz.

29 қараша күні таңертеңнен бастап өңір тұрғындары сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. Облыстың әр ауданында өткен дауыс беру барысында көпшілік назарын аударған оқиғалар тіркелді.

Асыл әжелер мен ауданның ең жас әкімі

Ақшұқыр ауылындағы №232 сайлау учаскесіне «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері ұйымшылдықпен келіп, дауыс берді. Аға буын өкілдері қоғамдық-саяси науқанға қатысып, азаматтық белсенділік танытты.

Ал Маңғыстау ауданының Сайөтес ауылында ауданның ең жас әкімі Дастан Тұрашев дауыс беріп, сайлаудың өңір үшін маңыздылығын атап өтті.

Өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген маңғыстаулық мұнайшылар да саяси науқаннан шет қалмады. Олар арнайы ұйымдастырылған сайлау учаскелерінде өз таңдауларын жасады.

Бұл жолғы сайлауда есімдері ерекше азаматтар да көпшіліктің назарын аударды. Мәселен, Ақжігіт ауылының 1974 жылы туған тұрғыны Ақжігіт Избасаров өзі тұратын ауылмен аттас.

Ал Бейнеу ауданының тұрғыны Сайлау Байбатыров пен Онды ауылының тұрғыны Сайлаугүл Сүйірбаеваның есімдері саяси науқанның атауымен үндесіп, сайлау күнінің қызықты оқиғаларының біріне айналды.

Әлем және Қазақстан чемпиондары таңдау жасады

Маңғыстаулық танымал спортшылар да сайлауға қатысты. Ақжігіт ауылындағы сайлау учаскесінде қазақ күресінен әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері әрі «Дала қыраны» атағының иегері Нұрдәулет Жарылғапов дауыс берді.

Сондай-ақ дзюдодан Қазақстан чемпионы Гүлдана Тенелбаева Жаңаөзен қаласындағы №98 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

Облыс орталығында сайлау күні тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қалаішілік автобустар жолаушыларды тегін тасымалдады.

Сонымен қатар бірқатар сайлау учаскелерінде ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Тұрғындар асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу және арқан тартыс бойынша сайыстарға қатысып, уақыттарын қызықты өткізді.

Сайлау күні сәбиін дүниеге әкелген ана дауыс берді

Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығында ем қабылдап жатқан әйелдер мен жас аналарға да дауыс беру мүмкіндігі жасалды.

Солардың бірі – Камила Жаңғақбаева. Ол дәл осы күні сәбиін дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанды. Өміріндегі маңызды оқиғамен тұспа-тұс келген саяси науқаннан да қалыс қалмай, өз таңдауын жасады.

Дауыс беру күнінің ең ерекше оқиғаларының бірі жас өнертапқыш Диас Исенамановпен байланысты болды. Студент сайлау учаскесіне өзі құрастырған роботын ертіп келіп, көпшілікті таңғалдырды.

Жас өнертапқыштың бұл әрекеті сайлау күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналып, заманауи технология мен жастардың азаматтық белсенділігін ұштастырды.

Қыстаудағы шаруаға дауыс беру жәшігі жеткізілді

Мал шаруашылығымен айналысып, елді мекеннен шалғайда жүрген азаматтар да сайлаудан тыс қалған жоқ.

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Сейдахметовке арнайы тасымалданатын дауыс беру жәшігі жеткізілді. Шаруа күнделікті тіршілігін жалғастыра отырып, қыстауда өз таңдауын жасады.

Осылайша, Маңғыстау облысындағы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы түрлі буын мен кәсіп өкілдерінің қатысуымен өтті. Ауыл ақсақалдары мен әжелерінен бастап жас өнертапқыштарға, мұнайшылар мен спортшылардан бастап жас аналар мен шаруаларға дейінгі тұрғындар саяси науқанға қатысты. Ал өңірдің әр түкпірінде тіркелген ерекше оқиғалар биылғы сайлаудың есте қаларлық сәттеріне айналды.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →