Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді аттестаттау жүйесіндегі тестілеуді алып тастау бойынша шешім қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министр бұл туралы Астанада өтіп жатқан республикалық тамыз конференциясында айтты.
Оның сөзінше, қазір жаңа тәсіл пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Егер жоба тиімділігін көрсетсе, ПББ тесті барлық білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің аттестациясынан алынып тасталады.
«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен тестті алып тастау туралы шешім қабылдадық. Қыркүйектен бастап пилот басталады. Пилот өзінің тиімділігін дәлелдейтін болса, онда барлық білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің аттестациясынан ПББ тесті алынып тасталатын болады», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр аттестаттау талаптарына басқа да жеңілдіктер енгізіліп жатқанын атап өтті. Енді мұғалімдердің негізгі жұмысы – сабақ беру сапасы мен оның тиімділігіне басымдық берілмек.
Мәселен, аттестаттау кезеңінде педагог бес жыл ішінде төрт ашық сабақ өткізуі қажет. Ал жоғары санатты мұғалімдер жас мамандарға тәлімгерлік жасағаны үшін қосымша балл алады.
Сондай-ақ ерекше назарды қажет ететін балалармен жұмыс істейтін педагогтерге арналған арнайы курс ұйымдастырылып, мұндай жұмыс та аттестация кезінде есепке алынбақ.
Жұлдыз Сүлейменова жаңа жүйенің басты мақсаты мұғалімнің қағазбастылығын көбейту емес, оның мектептегі нақты сабақ беру тиімділігін бағалау екенін айтты.