Вашингтонда өткен ресми қабылдау кезінде атыс жасады деген күдікке ілінген азаматтың жеке басы анықталды. Ол — жуырда университет бітірген Коул Томас Аллен, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 25 сәуір кешінде АҚШ-тағы журналистер қауымдастығы ұйымдастырған қабылдау барысында болған. Алдын ала деректерге сәйкес, күдікті шара өтіп жатқан қонақүйге қонақ ретінде кірген.
АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, қауіпсіздік қызметі оны және бірінші ханым Мелания Трампты жедел түрде қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Күдікті оқиға орнында ұсталған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода ер адамның шамамен сағат 20:30 кезінде оқ атқаны көрінеді. Салдарынан бір полиция қызметкері жарақат алғанымен, оның өміріне қауіп жоқ.
Коул Томас Аллен Калифорния штатындағы Торранс қаласының тұрғыны. Ол бастапқыда машина жасау мамандығын меңгеріп, кейін информатика бойынша магистр дәрежесін алған. Сонымен қатар мұғалім болып жұмыс істеп, бос уақытында бейнеойындар әзірлеумен айналысқан.
Оның оқытушылары мен көршілері күдіктіні сабырлы, жанжалдан аулақ адам ретінде сипаттайды. Тіпті педагогикалық жетістіктері үшін марапатқа ұсынылғаны да белгілі болды.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.