KZNews.kz
Қоғам

"Мобилографты комиссия мүшесі ететіндей Ата заң ойыншық емес қой": Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі болған Балтабаев тағы да көпке жақпай қалды

Торғын Абушахман
Фото: Instagram скрин

21 қаңтар күні Тоқаев Конституциялық реформа жөнінде комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамына шамамен жүз адам енді. Олардың қатарында журналистер, университет ректоры, депутаттар мен өңір әкімдері бар. Осыған байланысты тізімге енген тұлғалардың Конституцияға енгізілетін өзгерістерді әзірлеуге қаншалықты құзыреті бар деген сұрақ туындайды, деп хабарлайды kznews.kz.

Комиссия құрамына кірген кей адамдар қазақстандықтардың сынына ұшырады. Дауға іліккендердің бірі President бағдарламасының журналисі Әділ Балтабаев. Бұл шешім қазақстандықтардың түсінбеушілігін тудырды. Көпшілік оның бұл тізімге қалай енгенін және қандай пайдасы тиюі мүмкін екенін сұрап отыр.

Желі қолданушыларының айтуынша, комиссия құрамында журналист емес, заңгерлер, ғалымдар және халыққа жақын тұлғалар болуға тиіс.

“Негізі бұл комиссияның ішіне заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қоғам ішіндеге мәселеге араласып жүрген адамдар кіруі керек еді. Қаншама саясаттанушы, құықтанушылар бар. Бірақ басқа адам жоқтай мобилограф, журналисті қосып қойыпты. Бұл қаншалықты дұрыс”.

“Мемлекеттік және жергілікті басқару”, “Құқықтану”, “Саясаттану”, “Экономика” немесе “Халықаралық қатынастар" мамандықтарында оқып, бакалавр мен магистратураны тәмамдап, арнайы курстардан өтіп, осы саладағы барлық норма мен ережені меңгеру үшін тәжірибеден өткен нағыз мамандар бар. Енді мұнда сол мамандардың орнына комиссияға мүлде басқа адамдарды алып отыр. Ал енді Конституцияның күйін елестетіп көріңіз”. 

“Әрине, әрқайсымыз өзімізше жан-жақты тұлғамыз. Бірақ елдің негізгі заңы – Конституцияны реформалау жастар ісі жөніндегі комитет деңгейіндегі шара емес. Мұндай тізімде құқық саласында көпжылдық тәжірибесі бар, үздік сарапшылар кіруі керек еді”.

Торғын Абушахман
Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →