Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қабылдап, елдегі криминогендік ахуал мен құқық қорғау органдарының жұмысы туралы есебін тыңдады.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға азайған. Сонымен қатар негізгі санаттар бойынша құқықбұзушылық деңгейі төмендеп, қылмыстарды ашу көрсеткіші артқан.
Ішкі істер органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейткен. Жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыру нәтижесінде есепті кезеңде бұрынғы жылдары жасалған 1685 қылмыс ашылып, соттан бой тасалап жүрген 574 қылмыскер ұсталған. Олардың ішірле 89 тұлға шетел аумағында анықталған.
Қабылдауда киберқылмысқа, есірткі айналымына, ұйымдасқан қылмыс пен экстремизмге қарсы күрестің нәтижелері де талқыланды. Министрлік қылмыстық топтардың жолын кесу, азаматтарды түрлі қауіп-қатерден қорғау және халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.
Қабылдау қорытындысында Президент құқықтық тәртіпті нығайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында "Заң мен тәртіп" қағидатын іс жүзінде тиімді орындауға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Бұл талаптар құқық қорғау жүйесінің жұмыс сапасын арттырып, қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін күшейтуге бағытталған.