Айбек Смадияров Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы болды
RU KZ
476.81
528.4
5.21

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

"Ми ісініп, жүйке жүйесі зақымданады": Қытайлық дәрігерлер Нипах вирусын жұқтарудың қауіпті салдарын ескертті

"Ми ісініп, жүйке жүйесі зақымданады": Қытайлық дәрігерлер Нипах вирусын жұқтарудың қауіпті салдарын ескертті
Фото: Ашық дереккөзі

Қытайлық мамандар Нипах вирусын жұқтырған адамда аурудың бастапқы белгілері тұмауға ұқсап басталғанымен, кейін ауыр асқынуға ұласуы ықтимал екенін айтты. Дәрігерлердің дерегінше, инфекция орталық жүйке жүйесін зақымдап, ми ісінуіне дейін жеткізуі мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қытайдың орталық телеарнасы CCTV-ге сілтеме жасап.

Қаңтардың ортасында Үндістанның Батыс Бенгалия штатында бірнеше медицина қызметкері Нипах вирусын жұқтырғаны хабарланды. Олар өздері жұмыс істейтін Барасата ауруханасында ем қабылдап, оқшаулау бөліміне орналастырылған. Мәлімет бойынша, бірқатар науқас жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған.

Батыс басылымдары науқастар саны артып жатқаны туралы жазғанымен, Үндістан билігі жаңа жағдайлар тіркелгені жөнінде ресми ақпарат таратпаған.

Шэньчжэнь қаласындағы үшінші Халық ауруханасының басшысы Лу Хунчжоу өз ғылыми еңбегінде: “Жұқтырудың бастапқы кезеңінде Нипах вирусының белгілері атипиялық пневмонияға ұқсас болады. Атап айтқанда, тамақ ауырып, құсып, қатты ұйқышылдық байқалады. Алайда кейін жедел респираторлық дистресс-синдром дамуы мүмкін, ал кейбір жағдайларда тіпті сепсиске ұласуы ықтимал”, – деп жазды.

Ал Қытайдағы жоғары деңгейлі ауруханалардың бірінде жұқпалы аурулар бөлімін басқаратын дәрігер Юй Кан Нипах вирусы орталық жүйке жүйесін зақымдап, жедел энцефалит пен ми ісінуіне әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда жұқтырғаннан кейін 24-48 сағат ішінде науқас комаға түсіп, эпилепсиялық ұстамалар басталуы немесе жүйке жүйесі зақымдануы ықтимал.

Сонымен бірге қытайлық сарапшылар вирустың Қытай аумағында кеңінен таралу қаупі төмен екенін жеткізген. CCTV эфирінде Гонконг университетінің профессоры Цзинь Дунъян: “Нипах вирусының таралу ауқымы өте шектеулі, қазіргі жағдай бұрынғыдан (COVID-19) мүлде өзгеше. Қоғамға қатты алаңдаудың қажеті жоқ”, – деді.

Бұған дейін South China Morning Post Қытай Жаңа жылына арналған мерекелер кезінде туризм күшейіп, жұртшылықтың Нипах вирусынан қауіптеніп отырғанын жазған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нипах вирусын аса қауіпті инфекциялар қатарына жатқызады. Қазір оған қарсы арнайы дәрі де, вакцина да жоқ. Ресми мәліметтерде өлім-жітім деңгейі 40-75% аралығында болуы мүмкін екені айтылады.

Мамандардың түсіндіруінше, вирус көбіне жарқанаттар арқылы таралады. Адамдар, негізінен, вирус жұққан жануардың сілекейі түскен жемістерді тұтынғанда немесе жұқтырған адаммен ағза сұйықтықтары арқылы тікелей байланысқанда ауруға шалдығуы мүмкін. Сондай-ақ инфекция үй жануарларына да жұғуы ықтимал. Нипах ауамен таралмайды.

Еске салайық, бұған дейін де Үндістанда Нипах вирусының таралуы туралы хабарланып, Денсаулық сақтау министрлігі оның емі мен вакцинасы жоқ екенін айтқан болатын.

Автор
Дархан Тоқан

Журналист. Блогер. Фрилансер