Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева көпшілік көкейіндегі сұраққа жауап беріп, келіні Ақерке жайлы ойын ашық айтты, деп жазады Sn.kz.
Өнер иесі сұхбат барысында неге келіні туралы жиі сөз қозғамайтыны жөніндегі пікірлерге тоқталды. Оның айтуынша, өзіне қойылатын сұрақтардың басым бөлігі балаларына қатысты болғандықтан, әңгіме де сол тақырып аясында өрбиді.
"Келініңіз туралы неге айтпайсыз? Ылғи балаларыңыз жайлы айтасыз" деп тиісетіндер бар. Балаларым туралы сұрағаннан кейін балаларым туралы айтамын. Ойбай, "менің келінім бар" деп үстіне қоспаймын ғой. Отбасының тіршілігін, берекесін қолында ұстап, отбасысымызда менің орнымды басатын осы Ақерке. Осы отбасының тіршілігін, саясатын, дәстүрін, қонақжайлылығын, туған-туысқанға деген көзқарасты ары қарай жалғастыратын ол Ақерке. Отанасы, отбасының тұтқасы Ақерке деп санаймын өзім", – деді өнер иесі.
Бұл пікір желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленді. Оқырмандар өнер иесінің даналығына, келініне деген құрметі мен сеніміне тәнті болғандарын жасырмады.
"Енелер тыңдап алыңыздар", "Даңалығыңыздан айналдым Роза апай", "Ене мен келін арасындағы сыйластықтың сырын керемет жеткіздіңіз", "Тектілік деген осы ғой", – деп жазды желі қолданушылар.