KZNews.kz
Қоғам

Менің атым - Тәуелсіздік! Еліміздегі ерекше есім иесі Жетісу облысында тұрады

Фото: отбасылық альбомнан

Жаркент өңірінде Тәуелсіздік есімді жеткіншек өсіп келеді. 

Ерекше есім иесімен 2023 жылы Жетісу облысының Панфилов ауданына барған сапарымызда танысқан едік. Ол кезде жеткіншек 7-сыныпта оқып жүрген-ді. Оқуда озат, алғыр балақай мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады екен. Өзі сыныбының старостосы болыпты.

- Тұңғышымыз 2011 жылы Тәуелсіздік мерекесін атап өтіп жатқанда дүниеге келді. Ырымшыл халықпыз ғой, көп ойланбай атын Тәуелсіздік деп қойдық. Біз Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Ләззат Асановамен ауылдаспыз. Ұлыма Тәуелсіздіктің ұлы күреспен келгенін, алдыңғы аға-апаларының жанын пида еткенін, бұл күннің қастерлі екенін біліп, ұғып жүрсін деп осы есімді бердік. Шүкір, баламыз есті болып өсіп келеді. Ержетіп қалды, елін, жерін сүйетін азамат боларына сенеміз, - дейді Тәуелсіздіктің әкесі Болатбек Нүсіпов.

Тәуелсіздік қазір Панфилов ауданының Ақжазық ауылындағы мектептің 9-сыныбында оқып жүр. Үздік, үлгілі қалпынан танбай есейіп келеді. Ерекше есім иесіне телефон шалып, туған күнімен құттықтап, аз-кем тілдестік.

- Тәуелсіздік батыр, туған күнің құтты болсын...

- Рахмет. Мен де сіздерді, сіздер арқылы елімізді мерейлі мереке - Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын.

- Ерекше есім иесі болу қандай да бір сезімге бөлей ме?

- Негізі мақтаныш бар, бірақ, әкем үнемі жауапкершілік туралы айтып отырады. Сын сөзге қалдырмауға тырысамын. Айналамның, достарымның атымды атап шақырғанына бойым үйренген, аздап мақтанып қоямын да. Байқағаным, Тәуелсіздік деген сөзді айтқан әрбір адам оның салмағын ба, киесін бе, сезінеді екен, мен үшін тіптен ғой енді...

Тәуелсіздікке көп сұрақ қоймақ едік. Болашақ таңдауы, ел, жер, мектебі туралы сөйлете түскіміз келген. Тек, он төртінен толған ай сияқты алғыр бала салмақты сөйлеп, әдептен озбады. Баланың сабырлы, ойлы, нық жауабының өзі бұл тақырыпты, Тәуелсіздік атауын әсіре науқаншыл пропаганда мен назар аудару мақсатындағы хайпқа айналдыруға болмайтынын ұқтырғандай...

Тәртіпті, тәрбиелі баланың болашағына тек үміт арту парыз ғой...

Болашағың баянды болсын, Тәуелсіздік!

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары