Журналист Руслан Өтепбай көпшіліктің назарын аударған жылқышы Рахат Сәрсеновтің ісіне байланысты оның бұрынғы жұмыс берушісі, кәсіпкер Тәжіғали Елеуовпен арнайы кездесіп, сұхбат жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналистің айтуынша, әңгіме барысында Рахат Сәрсеновтің жылдар бойғы еңбек жолы, жұмыс берушімен арадағы қарым-қатынасы, сондай-ақ қоғамда кеңінен талқыланып жатқан қылмыстық істің түрлі қырлары сөз болған. Сұхбат кезінде тараптар оқиғаға қатысты өз ұстанымдарын ортаға салған.
Кездесу соңында Руслан Өтепбай кәсіпкерге қоғамның қолдауымен Рахат Сәрсеновтің отбасы жаңа баспанаға қол жеткізгенін айтқан. Алайда бұл сөзге жауап ретінде Тәжіғали Елеуов күтпеген мәлімдеме жасап, үйдің өз қаражатына сатып алынғанын алға тартқан.
«Мен "Рахат Сәрсеновтің отбасы баспаналы болды" дегенімде, ол: "Ол менің ақшама алынған үй", – деп жауап берді», – дейді журналист.
Руслан Өтепбайдың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Желі қолданушылары кәсіпкердің айтқан сөзінің нақты мән-жайын білгісі келетіндерін жазып, сұхбаттың толық нұсқасының жариялануын күтіп отырғандарын білдіруде.
Айта кетейік, Рахат Сәрсеновтің ісі соңғы уақытта қоғамда кеңінен талқыланып келеді. Осыған байланысты оқиғаға қатысы бар тараптардың мәлімдемелері жұртшылық тарапынан жіті назарға алынуда.