KZNews.kz
Әлеумет

"Мен сені өлтіремін": Депутаттың Minecraft ойнаған төрт жасар ұлының мінез-құлқы күрт өзгерген

Жарқын Омаров
Фото:depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек кейбір онлайн ойындар мен цифрлық өнімдер балалардың агрессиясын күшейтіп, шынайы өмірді қабылдауын бұрмалауы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған жеке өміріндегі тәжірибесі себеп болған, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутат балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануы қажет екенін, алайда интернет кеңістігінде психологияға зиян келтіретін өнімдер бар екенін айтады.

«Әріптесіміз Унзила Шапак Roblox ойынына қатысты депутаттық сауал жолдады. Мен де бір ойынға назар аударғым келеді, ол Minecraft», - деді Базарбек Мәжіліс кулуарында.

Оның сөзінше, Minecraft ойынын ойнайтын төрт жастағы ұлының мінез-құлқында алаңдатарлық өзгерістер байқалған. Бала ашушаң болып, бұрын қолданбаған боқауыз сөздерді айта бастаған.

«Бастапқыда бұл сөздерді балабақшадан немесе туыстарынан естіп жүр ме деп ойладым. Кейін оның ойын ойнау процесін бақылап көрдім», - дейді депутат.

Бақылау барысында ол онлайн режимде ойнайтын ойыншылардың балағат, жаргон сөздерді жиі қолданатынын аңғарған. Соның салдарынан бала мұндай сөздерді қалыпты нәрсе ретінде қабылдай бастаған.

«Бір күні балам: “Әке, қазір телефонды бермесең, сені өлтіремін” деді. Төрт жастағы бала үшін “өлтіремін” деген сөздің қалыпты болып кетуі — өте қауіпті белгі», - деп алаңдаушылығын білдірді ол.

Базарбектің айтуынша, мұндай контентті күнделікті тұтыну баланың санасында тұрақты мінез-құлық үлгілерін қалыптастырады.

«Егер бала күн сайын осындай сөздерді естіп өссе, 18 жасқа келгенде оларды еркін қолданатын болады», - деді депутат.

Сонымен қатар, ол интернет пен әлеуметтік желілерге қарсы емес екенін айтты.

«Балалар YouTube пен Instagram қолдануы керек, еркіндік болуы тиіс. Бірақ интернеттің ішінде балалар психологиясына кері әсер ететін өнімдер бар», - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Унзила Шапак Roblox платформасының қазақстандық балалар мен жасөспірімдерге тигізуі мүмкін қауіптеріне назар аударған болатын. Оның айтуынша, ата-аналар мен педагогтардан балалардың психикалық жағдайына қатысты көптеген шағымдар түсіп жатыр.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары