Танымал журналист әрі тележүргізуші Анна Данченко анасының ауыр жағдайына алаңдап, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналист ата-анасының өзіне сыйлаған бақытты балалық шағын еске алып, олар үшін әрдайым барын жасауға тырысқанын айтты.
«Мен өзімді мықтымын деп ойладым. Бәріне шамам жетеді деп ойладым. Өйткені бұған дейін де бәрін еңсеріп келдім... Мұның бәрін ата-анам менімен мақтансын деп жасадым», – деп жазды ол.
Данченко ата-анасы оған қиындыққа қарамастан махаббат пен қамқорлыққа толы балалық шақ сыйлағанын атап өтті. Алайда есейіп, оларға қамқор болғысы келгенде алдымен әкесінен айырылған.
«Мен әлі күнге дейін әкем Аралда тұрады, ал біз екеуміз Алматыдамыз деп ойлаймын», – деді журналист.
Анна анасының өміріндегі орны ерекше екенін айтып, оған деген шексіз махаббатын жеткізді.
«Мама, сен – менің өмірімсің. Құдайдың мені сенің қызың, ал сені менің анам етіп таңдағанына шексіз ризамын. Сен – менің қорғаншы періштемсің», – деп жазды ол.
Журналист анасының әр жетістігіне қуанып, үнемі батасын бергенін де еске алды.
«Мен сенің батаңды алмай үйден шықпайтынмын. Сен менің әр қадамымды, әр жетістігімді қуанышпен қарсы алатынсың», – деді ол.
Қазір анасының ауыр халде жатқанын айтқан Данченко оны құшақтап, сөйлесе алмай отырғанына қиналатынын жеткізді.
«Сені осындай күйде көру маған өте ауыр. Жүрегіңнің шаршағанын түсіну одан да қиын. Бірақ ол әлі соғып тұр. Мен оның соғуын сеземін, естимін», – деп жазды тележүргізуші.
Анна анасының қолынан ұстап отырып, бала күнінде өзін жетелеп, қамқор болған сол қолды тебіреніспен еске алған.
«Бұл – маған барын берген қол. Мен құлаған кезде ұстап қалған қол. Ауырған кезімде басымнан сипаған қол... Менің бүгінгі адам болуыма себеп болған қол», – деді ол.
Әкесінен айырылғаннан кейін анасы үшін мықты болуға тырысқанын айтқан журналист қазір өзін қорғансыз сезініп жүргенін жасырмады.
«Сен – менің тірегімсің, қанатымсың, қорғанымсың... Ал қазір сол қанатым да сынып қалғандай. Жаным ауырады, мама. Мен қорқып тұрмын. Қараңғыда қалғандаймын.
Мама, өтінемін, кетпе! Сенсіз мен ұша алмаймын! Мама! Мен сені шексіз жақсы көремін!» – деп жазды Анна Данченко.