KZNews.kz
Қоғам

Мен өз идеямның құрбанымын - Омар Жәлел тоқал алып, оңбағанын айтты

Азамат Қойшығара
Жеке архивінен

Абайтанушы, қоғам белсендісі Омар Жәлелұлы тоқал мәселесіне қатысты өзінің жеке тәжірибесіне сүйеніп, әлеуметтік желіде ашық пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі қоғамда тоқал алу бұрынғыдай қажеттілік емес, керісінше нәпсінің қалауы мен құмарлықтың көрінісі болып отыр.

«Менің айналамда тоқал алып, оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі – менмін. Бұрын тоқал алу қажеттілік болса, қазір – нәпсінің қалауы, құмарлық, қала берді – мақтан», — деп жазды ол.

Зерттеуші өз сөзінде өткендегі кейбір ұстанымдарын сынға алып, жастарды отбасының шырқын бұзбауға, барымен бақыт табуға шақырды.

«Мен кезінде осы тақырыпты көп көтердім. Кей жігіттер менің сөзіме ерді. Қазір “тоқал алмаңдар” деп айтқым келеді. Бұл – менің ащы тәжірибем. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, сол әйел-ақ туып береді», — деді Омар Жәлел.

Ол өз сөзінің әсерінен отбасылық мәселелер туындаған болса, кешірім сұрайтынын да айтты:

«Егер менің сөзімнен отбасы бұзылған болса, иіліп тұрып кешірім сұраймын. Мен өз идеямның құрбанымын. Бұл идея өмірде өзін ақтамады».

Абайтанушының айтуынша, тоқал алу дәстүрі бұрын өмірлік қажеттіліктен туындаған, ал қазіргі заманда оның мәні жоғалған:

«Бұрын тоқалды бәйбішелер өздері алып беретін. Бұл – даналықпен шешілетін мәселе еді. Ал қазір ол заман келмеске кетті».

Қорытындылай келе, Омар Жәлел бұл пікірін қоғам алдында жауапкершілік ретінде, жеке тәжірибеден туған сабақ ретінде айтқанын жеткізді:

«Шәкәрімше айтсақ, апанға құлап кетіп, “апанға түспеңдер!” деп айқайлап отырмын. Менің не кінәм бар?»

Бұл жазба әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамдық талқылауға себеп болды.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары