Лорен есімді әйел үйінде жүріп ауыр инфаркт алып, жүрегі тоқтап қалған. Алғашқы көмекті жұбайы көрсеткен, кейін дәрігерлер реанимациялық шараларға қосылған. Алайда оның жүрек соғысын тек 24 минуттан кейін ғана қайта қалпына келтіру мүмкін болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Mirror басылымының жазуынша, осыдан кейін Лорен тоғыз күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан, оның ішінде екі күн комада болған. Бұл жағдай оның жақындары үшін үлкен сынаққа айналғанымен, өзі бұл кезеңді қорқынышсыз өткенін айтады.
Әйелдің сөзінше, өліммен бетпе-бет келгеннен кейін оның өмірге және өлімге деген көзқарасы түбегейлі өзгерген.
"Көргенімнен кейін мен енді өлімнен қорықпаймын", – дейді ол.
Дегенмен қалпына келу оңай болмаған. Есін жиғаннан кейін Лорен инфарктқа дейінгі оқиғаларды және ауруханада болған уақыттың көп бөлігін есіне түсіре алмаған. Сонымен қатар сөйлеу, жазу және қарапайым әрекеттерді орындау қиынға соққан.
Соған қарамастан дәрігерлер оның миына айтарлықтай зақым келмегенін және когнитивтік қабілеттерінің біртіндеп қалпына келіп жатқанын мәлімдеді.