Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тілдің мәртебесі нақты әрі айқын бекітілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Оның айтуынша, құжатта «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын 1-бөлімнің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілі тікелей көрсетілген. Осыған байланысты Мемлекеттік кеңесші елде бір ғана мемлекеттік тіл бар екенін атап өтті.
— Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның жаңа жобасында «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын 1-бөлімнің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген. Бізде мемлекеттік тіл біреу. Ол — қазақ тілі. Басқа мемлекеттік жоқ, — деді ол.
Ерлан Қарин қазақ тілінің орны берік екенін айтып, мемлекеттіліктің сақталуы мен ел бірлігінің маңызын алға тартты.
— Мемлекетіміз барда қазақ тілі ешқашан ол тұғырдан түспейді. Демек сол үшін, ең бастысы мемлекетті сақтау керек, мемлекетті қорғау керек, ең бірінші, ел бірлігін ойлау керек, — деді Мемлекеттік кеңесші.