KZNEWS.KZ
Саясат

Мемлекеттік қызметшілер жұма күні жұмыс істемей, кітап оқуы керек — депутат

Айгерім Асылова
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметшілердің өзін-өзі дамытуына арнайы күн бөліп, оларды жұмыс міндеттемесінен босатуды ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.
    — Қазір біз әлеуметтік желіні көп пайдаланатын ұлтпыз. Бірақ оқитын ұлт емеспіз. Президент кітап оқу керектігін қаншама рет айтты. Сондықтан, менің жеке ұсынысым — болашақта осы жаңа заң жобасы аясында немесе кейінірек аптаның бір күнін, мысалы жұманы немесе кез келген күнді толықтай ағарту күні, шығармашылық күн ретінде белгілеу керек, — деді Бақытжан Базарбек Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың пікірінше, мұндай тәсіл шенеуніктердің мәдениеті мен кәсібилік деңгейін арттыруға көмектеседі.

    — Яғни бәрін тоқтату керек: ешқандай жүктеме, тапсырма, мемлекеттік қызмет болмауы керек. Мемлекеттік қызметшілерді босату керек, кітапханаға барып, кітап оқысын, үлгі көрсетсін, санасын дамытсын. Макиавелли мен Абайды оқитын мемлекеттік қызметші сапалы жұмыс істей алады, — деді Б. Базарбек.

Айта кетейік, Мәжілісте «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мемлекеттік қызметшілердің қызметіне соңғы түпкілікті бағаны ел азаматтары беруі керек.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер еңбекақысы кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеледі. Зейнетке шыққанда 4 жалақы мөлшерінде төлем беріледі.

Оған қоса, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігіне қатысты көзқарас түбегейлі қайта қаралып жатыр. 

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →