Әлеуметтік желіде «Ахи» атымен танымал діндар жігіттің Меккеде жүргенде ақшасыз қалғанын айтып, жайнамаз сатуы қоғамда наразылық тудырды, деп хабарлайды kznews.kz democrat.kz сайтына сілтеме жасап.
Желіде тараған видеода блогер Меккеде қаржы тапшылығына тап болғанын айтып, «ерекше жайнамазын» сатуға мәжбүр екенін жеткізген. Оның айтуынша, дәл осы жайнамаздарды басқа сатушылар 33 мың теңгеден ұсынса, өзі қиын жағдайға байланысты 19 900 теңгеден сатпақ.
«Бұл жайнамаздың ерекшелігі – үстінде Қағбаның бейнесі бар. Рауда жайнамазы, оригинал», – дейді ол.
Алайда желі қолданушылары бұл әрекетті сынға алып, түрлі пікір қалдырған. Кейбірі мұндай жайнамаздардың базарда әлдеқайда арзан сатылатынын айтса, енді бірі «Меккеде қайыр сұраған бірінші қазақ», «арабтардан неге көмек сұрамайды», «қаржың болмаса, Меккеге неге бардың» деген сарындағы жазбалар қалдырған.