"Музарт" тобының әншісі Мейрамбек Беспаев "Парасат" орденіне ие болды. Бұл туралы оның өнердегі әріптесі әрі досы Сәкен Майғазиев хабарлады, деп жазады kznews.kz.
22 мамыр күні Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мәдениет саласының бірқатар қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болды. Наградаларды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында Мейрамбек Беспаевты құттықтап, оның қазақ өнеріне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
"Сүйінші, Қазақ елі! Мейрамбек досым "Парасат" орденімен марапатталды. Қазақ өнеріне бергенің де, берерің де көп. Абыройың асқақтай берсін. Ақ жүрегіммен қуаныштымын, досым", – деп жазды Майғазиев.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Мемлекет басшысы мәдениет және өнер саласының өкілдеріне мемлекеттік наградалар тапсырған болатын.