Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Иран ядролық қарудың орнына "ядролық қарудан кем түспейтін басқа қаруға" ие екенін айтты. Оның сөзінше, бұл – Ормуз бұғазы. Ал одан да қуатты құрал Баб-эль-Мандеб бұғазын жабу болуы мүмкін. Бұл туралы ол Тегеранда Иранның қаза тапқан Жоғарғы көсемі Әли Хаменеймен қоштасу рәсіміне барған сапарының қорытындысы бойынша журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
"Иран шынайы ядролық қарудың орнына өзінен ядролық қарудан кем түспейтін басқа қаруды тапты. Ол – Ормуз бұғазы. Қазір әңгіме де осының төңірегінде жүріп жатыр, бұл бұғаздың алдағы уақытта қалай жұмыс істейтіні жөнінде келісімдер жасалуда", – деді Медведев.
Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Иран билігінде тағы бір "термоядролық қару" бар екенін ескертті. Ол – Баб-эль-Мандеб бұғазы. Медведевтің айтуынша, егер бұл бұғаз жабылса, мұнай тасымалы мен өзге де жүк тасымалдары тоқтап қалуы мүмкін.
Баб-эль-Мандеб бұғазы Қызыл теңізбен жалғасады. Ол бір жағынан Джибути мен Эритреяның, екінші жағынан Йеменнің арасында орналасқан. Йемен жағалауындағы аумақты Иранның одақтасы саналатын шиит-хуситтер бақылап отыр.
"Мұндай жағдай жасалса, мұнай және басқа да барлық тасымалдар толықтай бұғатталуы мүмкін. Мұндайға жетпейді деп үміттенемін. Бірақ бұл өңірде қақтығысқа ұмтылып отырған барлық елдер мұны есте ұстауы керек", – деді ол.