KZNEWS.KZ
Қоғам

Медузаға ұқсас алып НЛО АҚШ әскери базасының маңында көзге түсті

• Айгерім Асылова
Фото: ашық дереккөз

Нысан бірнеше минут бойы әуеде қалықтап тұрып, кейін көзден ғайып болған, деп хабарлайды kznews.kz Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Видко авторы Сара Джейн Осборн ол Анкоридж қаласында кемпірқосақты суретке түсіріп жүргенде, алыстан ағаштардың үстінде қара түсті бір нысанды байқап қалған. Оның сөзінше, белгісіз нысанның өзі шамамен Эльмендорф-Ричардсон біріккен әскери базасының маңында көрінген.

Бұл әскери базада F-22 Raptor жойғыш ұшақтары орналасқан. Сонымен қатар мұнда әуе қорғанысы, бақылау және әскери-көлік авиациясы операцияларына қолдау көрсетіледі.

“Оқиға 15 маусымда шамамен сағат 22:13-те болды. Ол кезде кешкі аспан ашық болды. Белгісіз нысанның төмен қарай салбыраған бірнеше қармауышы болды. Олар әуеде қалықтап тұрған нысанның қозғалысына қарамастан, әртүрлі бағытта өздігінен қозғалған. Нысан біресе оңға, біресе солға бұрылып тұрды”, – деп сипаттады видео авторы.

Осборн оны шамамен үш минуттай бақылаған. Кейін нысан ешқандай белгісіз кенеттен жоғалып кеткен.

"Ол қалай тез пайда болса, сол тез ғайып болды", – дейді әйел.

Ерлі-зайыптыны нысанның көлемі де таңғалдырған. Олардың жанынан ұшып өткен шағын ұшақ оның қасында өте кішкентай болып көрінген.

Осборн мен күйеуі Пит кейін нысанды іздеп көргенімен, оны басқарған адамды немесе ұшатын батпырауықты таппаған. Сондай-ақ көргендерін түсіндіретін басқа да дерек таба алмаған.

Әйел бұл жағдайдың жауабын тек Құдай мен үкімет қана білуі мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, оқиға ерлі-зайыптының көңілінде көптеген сұрақ қалдырған.

Осборн мен күйеуі Анкориджге іскерлік шаруамен келген. Олар бірнеше жыл қалада тұрғаннан кейін қазір өзен аңғарындағы елді мекенде тұрады.

Оқиға болған күні әйел көлікпен Алтыншы авеню бойымен келе жатып, кемпірқосақты байқап қалған. Оған қатты қызыққан ол көліктің ашық терезесінен суретке түсіре бастаған.

Күйеуі Пит көлікті бос тұраққа бұрып, әйеліне еш кедергісіз суретке түсіруге мүмкіндік берген. Сол кезде Осборн алыстан бір нысанды байқайды. Алғашында оны жәндік деп ойлаған.

"Алғашында маса ма деп ойлап, көңілім түсіп кетті", – деп еске алады ол.

Алайда телефон экранынан басын көтеріп қарағанда, нысанның жәндік емес екенін түсінген. Ол күйеуінен де көріп тұрған-көрмегенін сұрап, бірнеше сурет түсіріп, видеоға жазып алған.

Осборнның айтуынша, оның қолында оқиғаның қысқа видеосы ғана емес, миллисекунд аралықпен түсірілген бірнеше фотосуреті де бар. Ол суреттерді бірінен соң бірін өте жылдам түсірген.

Әйел нысанның қозғалысына ерекше назар аударған. Оның айтуынша, нысанның түсі қара мен күміске ұқсас болған. Бұл өзі бұрын көріп жүрген түрлі түсті батпырауықтарға мүлде ұқсамаған.

Осборн сол кезде ағаштардың сәл тербеліп тұрғанын, яғни жеңіл жел болғанын айтқан. Бірақ мұндай жел нысанды қозғалта алмайды деп есептеген.

"Оның батпырауық емес екені қозғалысынан-ақ анық байқалды", – дейді ол.

Әйелдің пікірінше, батпырауықтың құйрығы желмен бірге желбіреуі керек еді. Ал өзі көрген нысанның қозғалысы өзгеше болған.

Ерлі-зайыптыны тағы бір жайт таңғалдырған. Егер бұл шынымен үлкен нысан болса, неге ол әуеде небәрі бірнеше минут қана тұрған?

"Егер ол батпырауық болса, оны неге үш минут қана ұшырды?" – деп сұрақ қойған Осборн.

Ол маңайдағы саябақтың да мұндай үлкен батпырауықты ұшыруға қолайсыз екенін айтқан. Өйткені саябақтың аумағы шағын болған.

Осборн Анкориджде ұзақ жыл тұрғандықтан, қала саябақтарында ұшырылатын түрлі түсті батпырауықтарды жақсы білетінін жеткізген. Алайда бұл жолы көрген нысанының оларға еш ұқсамайтынын айтқан.

Кейін ерлі-зайыпты жақын маңдағы саябаққа барып, батпырауықты жинап жүрген адамды немесе оқиғаны түсіндіретін басқа бір деректі іздеген. Алайда ешкімді кездестірмеген.

Олар іздеуді жалғастырып, Арктик-Вэлли бағытына қарай да барған. Жалпы, шамамен 30 минут бойы маңайды аралаған. Бірақ нысан сол уақытқа дейін жоғалып кеткен.

Ерлі-зайыптының айтуынша, белгісіз нысан орманды алқаптың үстінде, әскери базаға қарасты аумақтың маңында болған. Алайда оның нақты қай жерде тұрғаны белгісіз.

Пит нысан олар тұрған жерден шамамен үш миль (4,8 шақырым) қашықтықта болуы мүмкін деп болжаған. Дегенмен бұл қашықтық нақты расталмаған.

Сондай-ақ ерлі-зайыпты таулардың маңынан ұшып өткен ұшақты еске алған. Олардың айтуынша, ұшақ белгісіз нысанмен салыстырғанда әлдеқайда кішкентай болып көрінген. Бұл олардың нысанның көлемі туралы күдігін күшейткен.

Алайда нысандардың нақты қашықтығы белгісіз болғандықтан, олардың сырттай көрінген көлеміне қарап шынайы өлшемін анықтау мүмкін емес. Оның үстіне нысанның әскери нысанмен байланысы бар екеніне де дәлел жоқ.

Бұл ұшатын батпырауық, дрон немесе басқа да әуе нысаны болуы мүмкін. Оқиғаға қатысты сипаттамалар оның ғаламшардан тыс шыққанын дәлелдемейді.

Осборнның өзі де мұның дрон болуы мүмкін екенін жоққа шығармаған.

"Мүмкін, бұл дрон сияқты бір нәрсе шығар", – дейді ол.

Дегенмен нысанның үлкен болып көрінген көлемі мен өзгеше қозғалысы әйелді әлі де алаңдатады. Сондай-ақ ол дәл сол уақытта бұл нысанды көрген басқа куәгерлердің болмауына таңғалған.

"Біз оны көрген уақытта байқаған басқа ешкімді таба алмадық", – дейді Осборн.

Әйелдің айтуынша, жанында күйеуінің болуы өз көзімен көргеніне сенімді болуына көмектескен. Әйтпесе бұл оқиғаны өзіне ғана елестеген құбылыс деп ойлауы мүмкін еді.

Осылайша, кемпірқосақты суретке түсіруден басталған қарапайым сәт ерлі-зайыпты үшін әлі күнге дейін жауабы табылмаған жұмбақ оқиғаға айналған.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →