KZNews.kz
Жаңалықтар

Мәжілістің онлайн отырысына майкамен қатысқан қатысушы қызу талқыға түсті

Жарқын Омаров
Фото: видеодан алынды

Құрылыс кодексін талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысында күтпеген жағдай болды. Онлайн қосылған мамандардың бірі экранға үйдегі майкамен шығып, жанына тамақ пен сусын қойып отырғаны байқалды. Видеоны Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев жариялап, бұл ситуация өзін ыңғайсыздандырмағанын, керісінше қазіргі талқылаулардың ашықтығы туралы ойға қалдырғанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың айтуынша, нағыз ашықтық дәл осылай көрінеді.

«Бейсенбі күні құрылыс кодексі бойынша жұмыс тобының отырысында бір қызық жайтқа көзім түсті. Талқылауға қосылып отырған мамандардың бірі – кәдімгі үй жағдайында, майкамен отыр. Қолында тамағы, жанында сусыны. Солай отырып бізді тыңдап, талқылауға қатысып отыр.  Бір сәт ойланып қалдым.Бұл тәртіпсіздік емес, қолжетімділіктің белгісі», - дейді ол.

Депутат бұрын мұндайға ешқашан куә болмағанын, салада тәжірисі болса да, заң талқылауына дәл осылай еркін қатысу мүмкін болмағанын мәлімдеді.

«Ал қазір біз қандай форматта жиналсақ та, кәсіби орта өкілдері дәл сол уақытта пікірін қоса алады. Кім кеңседе, кім жолда, кім үйде бәрібір. Ең бастысы қатыса алады. Бұл – Мажілістің ашық, қолжетімді және шын мәнінде демократиялық жұмыс жүргізіп жатқандығының нақты дәлелі. Біз заңды кабинетте емес, саланың өз мамандарымен бірге ашық талқылап, айтысып, дәлелдеп жасап отырмыз. Шынымды айтсам, назар аудармай қала алмадым. Тіпті видеоға түсіріп алдым. Өйткені бұл бүгінгі реформалардың мәнін көрсететін сәт», - деп жазды Болатбек Әлиев.

Желідегілер отырысқа қатысушының «тым жайбарақат» кейпін белсенді талқылады.

Бір топ қолданушы «Мен жеткім келетін пофигизм деңгейі» деп әзілдесе, басқалары «Жаңа Қазақстан» деп пікір білдірді. Ал кейбірі оны сынға алып: «Бұл — басынушылық, құрметсіздік және мәдениетсіздік» деді. Сондай-ақ біреу отырысқа қатысушыны «сертификатталған пофигист» деп атап, оның «өз вайбында отырғанын» айтты.

 

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары