KZNews.kz
Қоғам

Мәжіліс депутаты: Мектеп директорына салынған айыппұл мұғалімдердің қалтасынан шығып жатыр

Азамат Қойшығара
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Қасқа жол» бағдарламасына берген сұхбатында мектеп асханаларының жұмысы мен санитарлық бақылау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда директорға асхананы толық бағындыру түйткілді шешпейді, басты проблема жүйеде.

«Мектеп асханасы директорға бағына ма, жоқ па – мәселе онда емес. Бүгінгі күні басты проблема – санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүйесінде. Қазіргі заңға сәйкес, олар тек алдын ала бір жыл бұрын ескертіп, тек үш мәселені ғана қарай алады. Егер басқа проблема байқалса да, қағазда көрсетілмеген болса, ештеңе істей алмайды. Бұл тиімсіз. Өйткені келгенін бәрі біледі де, уақытша жинап қояды. Кейін қайтадан сол баяғы қалпына келеді», – деді депутат.

Оның айтуынша, жаңа қабылданған заң бұл олқылықты жоюға бағытталған.

«Біздің бастамамызбен санитарлық талаптарды тексеру енді алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Бірақ бірінші келгенде бірден айыппұл салмайды. Алдымен проблеманы анықтап, ұсыныс береді, уақыт береді. Егер ол шешілмесе ғана айыппұл салынады. Өйткені басты мақсат – директорды жазалау емес, мәселені шешу», – деді ол.

Асхат Аймағамбетов директорларға орынсыз жүктеме түсіп отырғанын да айтты.

«Көп мектепте үш ауысыммен оқиды, құрал-жабдық жетіспейді, тіпті апатты жағдайдағы мектептер бар. Бұл үшін директор кінәлі емес. Бірақ айыппұл бәрібір директорға салынады. 600-800 мың теңге. Ол ақшаны директор қайдан табады? Мұғалімдерге "қосылып жинаңдар" дейді. Яғни жүктеме бүкіл ұжымға түседі. Сондықтан енді біз айыппұлды директорға емес, шешім қабылдамаған тиісті органдарға салу тетігін заңға енгіздік», – деді депутат.

Оның айтуынша, егер мәселе директордың құзырындағы болса – мысалы, дәретхананың тазалығы немесе асханада санитарлық талаптың сақталмауы, онда директор жауапкершіліктен қашпайды. Бірақ мектеп ғимаратының апатты жағдайы, шатырдың ағуы, қаржы бөлінбеуі сияқты мәселелер үшін директорды емес, әкімдік пен министрлікті жауапқа тарту қажет.

«Асхананы директорға қаратсақ, проблема шешілмейді. Себебі тағамның сапасы конкурс арқылы асхананы ұтып алған кәсіпкерге байланысты. Бірақ мықты директор болса, ықпал ете алады, тиісті СЭС-ке де, білім бөліміне де шағым жасай алады. Яғни директордың мүмкіндігі бар. Мәселе – жүйеде», – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

 

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары