Мәскеудің орталығындағы Кудринская алаңында орналасқан мейрамхана маңында қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылды. Салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 21 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ресей Ұлттық терроризмге қарсы комитетінің мәліметінше, оқиға 1 тамыз күні жергілікті уақытпен сағат 19:55 шамасында болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, белгісіз әйел мейрамханаға қорап алып кірмек болған. Күзет қызметкері оны тоқтатып, ғимаратқа өткізбеген. Осы сәтте қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылған.
Жарылыстан күзетші, қорапты алып келген әйел және мейрамхана қонақтарының бірі қаза тапты. Тағы 21 адам түрлі дене жарақатын алған.
Қазіргі уақытта жараланғандарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға орнында тергеушілер, криминалистер және жедел қызмет өкілдері жұмыс істеуде.
«Коммерсант» басылымының дерегінше, сол күні мейрамханада күзеті күшейтілген жабық іс-шара өтіп жатқан. Күзетшінің әйелді кіреберісте тоқтатуы адам шығынының одан әрі артуына жол бермеген болуы мүмкін.
Басылымның алдын ала мәліметі бойынша, әйел қораптың ішінде сыйлық бар екенін айтқан. Алайда күзетші сәлемдемені тексеруге шешім қабылдаған кезде жарылыс болған. Құрылғы қашықтан іске қосылған болуы мүмкін. Қорапты жеткізген әйел оның ішінде жарылғыш зат барын білмеуі ықтимал деген нұсқа да қарастырылып жатыр.
БАҚ мәліметінше, жарылғыш құрылғының қуаты шамамен бір килограмм тротил эквивалентіне тең болған. Оның ішіне зақым келтіру әсерін күшейту үшін металл шарлар салынғаны айтылады. Бұл ақпаратты тергеу органдары әзірге егжей-тегжейлі растаған жоқ.
«Коммерсант» дереккөздері оқиғаға байланысты Ресей Қылмыстық кодексінің «Террористік акт» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу жарылысты ұйымдастырған адамдарды, оның мақсатын және құрылғының қалай жеткізілгенін анықтап жатыр.