Мәскеудегі Троекуров зиратынан Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың ұлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Айдар Ақаевтың қабірі табылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Зират аумағында түсірілген видеоны танымал тұлғалардың жерленген орындары туралы материалдар жариялайтын блогер Наиль Валиев әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен.
Видео авторының айтуынша, оның назарын бесік пішінінде жасалған ерекше ескерткіш аударған. Ол Айдар Ақаевтың қабірі Троекуров зиратының мұсылмандар жерленген бөлігінде орналасқанын атап өтті. Бұл аумақта басқа да белгілі тұлғалардың зираты бар.
Айдар Ақаев 1998 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға үйленген. Олардың некесі шамамен үш жылға созылып, 2001 жылы ажырасқан.
Кейін Айдар Ақаев қырғызстандық тележүргізуші Сайкал Чокубаевамен отбасын құрған.
Айдар Ақаев 2020 жылғы 5 ақпанда Мәскеуде қайтыс болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, оның өліміне жүрек талмасы себеп болған.