Мәскеу облысының Балашиха қаласында BMW X3 автокөлігі жарылып, жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Қаза тапқан адамның Ресей Қорғаныс министрлігінің зымырандар мен оқ-дәрілерді жеткізу басқармасының басшысы Дамир Давыдов болуы мүмкін екені хабарланды.
Оқиға таңғы сағат 05:30 шамасында Авиаторлар шағынауданындағы Колдунова көшесінде болған.
Ресей Тергеу комитетінің мәліметінше, BMW X3 көпқабатты тұрғын үйдің маңында қозғала бастаған кезде жарылғыш құрылғы іске қосылған. Жүргізуші көптеген жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. Жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, медициналық және жарылыс-техникалық сараптамалар тағайындалды.
Алғашқы ақпараттарда қаза тапқан адамның Ресей Әуе-ғарыш күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Александр Максимцев болуы мүмкін екені айтылған. Алайда кейін бірқатар ақпарат құралдары жарылған көлікте Ресей Қорғаныс министрлігінің зымырандар мен оқ-дәрілерді жеткізу басқармасын басқарған Дамир Давыдов болғанын жазды.
Ресей тарапы жүргізушінің жеке басын ресми түрде жарияламады. Сондықтан оның нақты кім болғаны жөніндегі ақпарат әзірге ресми расталған жоқ.
Жарылысты Украина ұйымдастырғаны туралы да ресми мәлімет жоқ. Қазіргі уақытта қылмыстың ықтимал тапсырыс берушілері мен орындаушылары анықталып жатыр.
Айта кетейік, Авиаторлар шағынауданында көптеген жоғары лауазымды әскери қызметкер тұрады. 2025 жылғы сәуірде осы аумақта Ресей Қарулы күштері Бас штабы Бас жедел басқармасы бастығының орынбасары Ярослав Москаликтің көлігі жарылған еді. Ол оқиға орнында қаза тапқан. Соңғы жарылыс болған орын Москалик қаза тапқан жерден шамамен 350 метр қашықтықта орналасқан.