Қазақстанда «маскадағы жігіт» деген атпен мұқтаж жандарға жасырын көмектесіп жүрген азамат туралы түрлі болжам айтылып жүрген еді. Осы тақырыпқа қатысты «Өнер Қырандары» театрының жетекшісі Мадияр Серікбаев тосын видео жариялады, деп жазды Alash.kz.
Әлеуметтік желідегі жазбада актер «маскадағы жігітпен» кездескен сәтін көрсетіп, жұрттан сүйінші сұрайды.
«Ал, халайық, сүйінші! Еліміздегі мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген жанашыр азаматпен кездесу сәті туды», — деген ол алдағы уақытта аталған азаматпен бірлесіп жұмыс істейтіндерін айтады.
Видеода қасына келген «маскадағы жігіт» те «тарихи сәт келді, енді шынайы жүзімді көрсетемін» деп бетпердесін шешуге ыңғайланады. Алайда маска алынған сәтте көптің күткені ақталмай, кадрдан Мадиярдың әріптесі — Жанболат Найзабековтің жүзі көрінеді.
Осылайша желідегі шуға айналған видеоны көрермендер әзілкештердің кезекті пранкі ретінде қабылдады. Пікір қалдырғандар «Ақыры кім екенін білетін болдық па деп күтіп едім», «Маскалы адам қалайша бетпердесін шешті десем…», «Пранк екен ғой» деп жазып жатыр.